42 500 теңге төлеуге негіз жоқ – кәсіпкерлер палатасы

Кәсіпкерлердің Ashyq қосымшасы арқылы жұмыс істеуге құқығы бар, толық тоқтап қалған жоқ, деді Абылай Мырзахметов

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қоғамдық тамақтану саласының қызметкерлеріне 42 500 теңгеден төлеуге негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Қазіргі жағдайды толық локдаун деп айтуға болмайды. Шектеу бар, әрине, бірақ біз мұны әзірге демалыс күндердегі шектеу деп атаймыз. Барлығының Ashyq арқылы жұмыс істеуге құқығы бар, толық тоқтап қалған жоқ. Әрине, демалыста бизнес шығынға ұшырайды деген сөзбен келісемін, алайда бұл төтенше жағдай немесе локдаун емес. Яғни әзірге 42 500 теңге төлеуге құқықтық негіз жоқ», — деді Мырзахметов баспасөз мәслихатында.

Ол карантиндік шектеулерге байланысты кәсіпкерлер кірісінен айырылып жатқанын түсінетінін айтты. Десе де бизнесмендерге аптасына бес күн жұмыс істеуге жағдай жасалып отыр.

«Бір аптадан кейін Ashyq жобасының лидерлері үшін жағдайды жақсартамыз. Егер сен бизнесмен болсаң, Ashyq-қа қосылсаң, түн ортасына дейін жұмыс істей аласың», — деді басқарма төрағасы.

Мырзахметов бір жұмадан кейін нысандардың жұмысына талдау жасалып, Ashyq көшбасшылрына демалыста да жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі мүмкін екенін атап өтті.

https://sputnik.kz/economy/20210728/17716555/42-500-tenge-kasipkerler-palatasy.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *