Үкімет жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі шаралардың іске асырылу барысын қарады

Үкімет жұмыспен қамтуды қолдау жөніндегі шаралардың іске асырылу барысын қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру барысы қаралды,деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Жамбыл облысының әкімі Б. Сапарбаев, Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев баяндама жасады.

Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының, Жұмыспен қамтудың жол картасының және басқа да салалық бағдарламалар аясында жұмыспен қамту шаралары 743 мың адамды қамтыды. Жылдың соңына дейін 1 млн 220 мың адамға қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, инфрақұрылымдық жобалардың тізбесі оңтайландырылды. Осы жобалар (6 702 жоба) аяқталған соң, аралас салаларда қосымша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылады.

Премьер-Министр Шымкент қаласында, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асырудың жоғары қарқынын атап өтті. Орташа көрсеткіштер Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Атырау облыстарында, Нұр-Cұлтан және Алматы қалаларында байқалады.

Сонымен қатар жекелеген көрсеткіштер бойынша екі өңір артта қалып отыр: Қызылорда облысында — мемлекеттік гранттар беру 47,5%, қоғамдық жұмыс – 50,1%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 56,2% және жұмыс орындары құру – 44,4%. Батыс Қазақстан облысында — микрокредит беру бойынша тек 28,6%, жастар тәжірибесі – 37,7%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 58,9% және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша 25,8% деңгейінде.

«Жыл соңына дейін төрт ай ғана қалды. Әкімдіктер бағдарламаларды іске асыру жұмыстарын жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет – бұл азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету. Қажетті ресурстар бөлінген, барлық құралдар бар, еңбек нарығында теңгерімсіздіктердің пайда болуына жол бермеу керек», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыруды, сондай-ақ Электрондық еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру, жұмыспен қамту шараларымен проактивті қамтуды дамыту және оларды іске асыру мониторингін күшейту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Әкімдіктерге әрбір жұмыссыз адамның профайлын құру және онымен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша атаулы жұмыс жүргізу тапсырылды. Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет.

Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Атамекен» ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту және қолдау бойынша жұмысты жандандыру тапсырылды.

https://primeminister.kz/kz/news/ukimet-zhumyspen-kamtudy-koldau-zhonindegi-sharalardyn-iske-asyrylu-barysyn-karady-1875628

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *