Дәрігерлер 277 нәрестенің өлімін жасырған – министр Біртанов
Денсаулық сақтау министрлігі Атырау перинаталдық орталығында шыққан жанжалдан кейін бүкіл республика бойынша тексеріс жүргізген
НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Тексеріс нәтижесінде дәрігерлердің 277 нәрестенің өлімін жасырғаны анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дәрігерлер 277 нәрестенің өлімін жасырған – министр Біртанов
Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/society/20191021/11819298/277-nareste-olimi.html
«Біз Атырау облысында жүргізілген тексерістен кейін ел бойынша жаппай аудит жүргіздік. Материалдарды тек Маңғыстау облысы ұсынған жоқ. Тексеріс нәтижесінде 277 нәресте өлімін жасырып қалу фактісін анықтадық», — деді министр Елжан Біртанов сенатта өткен үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, талдаудың нәтижесінде өткен жылғы статистикаға түзету енгізілді. Осылайша, 2018 жылы нәресте өлімінің көрсеткіші біршама нашарлаған.
Ал журналистерге сұхбат берген комитет басшысы Людмила Бюрабекова дәрігерлердің ондай тәртіп бұзушылықтарға не үшін баратынын түсіндірді. Айтуынша, өлі туған нәрестелер статистикаға енгізілмейді. Ал тірі туып, артынан шетінеп кетсе, бірден статистикаға кері көрсеткіш болып кіреді. Сол себепті дәрігерлер шетінеп кеткен нәрестелерді басқаша рәсімдеп отырған.
«Талдау кезінде өткен жылғы барлық шыныдағы анализдер тексерілді. Ондайда бала туған кезде өкпесі ашылды ма, дем алды ма, соның бәрі зерделенеді. Сөйтіп, нәресте тірі туғанын анықтауға болады. Осылайша, 277 сәбидің тірі туып, артынан шетінеп кеткенін анықтадық. Бірақ дәрігерлер оларды «өлі туды» деп жазған. Сөйтіп, өздерінің статистикалық көрсеткіштерін жақсартқысы келген», — деді Бюрабекова.
Оның сөзіне қарағанда, Маңғыстау облысы тексеріске тиісті материалдарды бермеген. Себебі барлығын жойып жіберген болып шықты. Ондай әрекеттер ережеге қайшы, бірақ қылмыстық және әкімшілік жаза қарастырылмаған.
«Шыны препараттарын сақтамай, ерте жойып жібергені үшін тәртіптік жаза ғана бар», — деп атап көрсетті Бюрабекова.
Тоңазытқыштағы бала өлімі
4 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық перинаталдық орталығының жетекшісіне жаңа туған нәрестенің өліміне қатысы бар деген айып тағылғанын хабарлады.
Перзентханада сәби тірі туған. Алайда дәрігерлердің салғырттығынан құжатта өлі деп жазылады. Олар қатені түзетпеу үшін шақалақты тоңазытқыш камерасында қалдырып кеткен.
Бұл жағдай орталық жетекшісіне қатысты басқа істі тексеру кезінде анықталған. Бұған дейін медициналық мекеменің басшысы жемқорлыққа байланысты ұсталғаны хабарланған еді.
Баланың өліміне қатысты әйелді босандырған акушер-гинеколог та қамауға алынды.
Атырау облысында шыққан шудан кейін денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кетіп, әкімнің орынбасарына қатаң сөгіс берілді.
Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/society/20191021/11819298/277-nareste-olimi.html