Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол!
Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол!
Фото: Akorda.kz
Қазір жастардың арасында шетелге барып жұмыс істеп келу үрдіске айналды. Ал, қыздарымыз шетелдіктерге тұрмысқа шығуды мақтан тұтатын жағдайға жеттік. Бұл үрдіс елге танымал тұлғалар мен өнер жұлдыздарының арасында бәсекеге ұласып барады. Шекара асқан қыздарымыз күң, ұлдарымыз құл болмасына кім кепіл. Бір ғана мысал нәпақа іздеп шекара асқан екі жігітіміз сотталды. Шетелдіктің етегінен ұстап кеткен қызымыз өзге елде аяққа тапталып, күң болды. Енді бірі Египеттегі қызын қайтара алмай зар еңіреп жүр. Жат ағымның жетегінде кетіп елге қайта алмай жүргені қанша. Түптеп келгенде бұның барлығы атам қазақ айтқандай «Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» деген қағидаға саяды.
Күні кеше Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарымызды шетелге еңбек іздеп сабылуға емес, еңбекқорлық пен бизнес жүргізу шеберлігін үйренуге шақырды.
«Мен ұрпақты еңбекқорлыққа, бизнес жүргізу шеберлігіне баулу мәселесі жөнінде үнемі айтып жүрмін. Мәселен, кейбір көрші елдердің жастары шетелдерге барып, белсенді түрде кәсіппен айналысады, дүкен ашады, ұлттық тағамдарын дәріптейді, қысқасы, нәпақасын табады. Осындай әрекеттерден біздің жастарымыз да үлгі алса, жаман болмайды. Әрине, бұл – елден кетіп, еңбек ет деген сөз емес, бұл – ең бастысы, еңбектің жақсы-жаманы жоқ деген сөз. Әр мәселені әбден саясиландырып, бос сөз қумай, қол қусырып қарап отыра бермей, нақты жұмыспен, қаражат әкелетін заңды іспен шұғылдану керек деген сөз», деді мемлекет басшысы.
Фото: Akorda.kz
«Әділетті Қазақстанды — Адал азаматтар ғана құрайды», деген Президентіміз әсіресе жастар тәрбиесіне ерекше мән беріп, болашақ ұрпақ иелерін адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырды. Құрылтайдан кейінгі ойымды қағаз бетіне түсіруге тырыстым.
Адал еңбек демекші кешегі күллі жұрт құлақ түрген Оңтүстік Кореядағы екі қазақ жігітінің тап болған жағымсыз жағдайы дәл осы мемлекет басшысы айтқан мәселеге тіреледі. Кореяға Ташкент арқылы барған екі жігітіміз заң бұзып істі болды. Екеуі «Инчхон» әуежайында қашып кетті. Шетел полициясы қашқындарды ұстап бергендерге 10 миллион теңге сыйақы беруге дайын болды. Ақырында қолға түсіп сол елдің заңы бойынша жазаланды. Түптеп келгенде бұның барлығы жастарымыздың сауатсыздығы мен таяз ойлауының нәтижесі. Былтырдан бастап Корея Республикасына қысқа мерзімге визасыз кіруге қайта рұқсат берілді. Десек те, қазіргі уақытта барлық шетелдік азамат Кореяға кіру үшін K-ETA электронды авторизациялау жүйесінен алдын ала рұқсат алуы шарт. Бірақ K-ETA жүйесінің мақұлдауынан өткен күннің өзінде Кореяның миграция қызметі елге кіргізбеуге құқылы. Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынша, жоғарыда аталған екі азамат Кореяға екі мемлекет арасындағы визасыз режимі шеңберінде барған. Отандастарымыз миграция қызметінің шешімімен келісіп, елге оралған жағдайда олар ешқандай әкімшілік һәм құқықтық жауапкершілікке тартылмайтын еді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 2021 жылы бұл елге 30 мыңға жуық қазақстандық барса, былтыр 38 мыңдай ел азаматы Кореяның шекарасын асқан. Басқа да құқықбұзушылықтармен депортацияланған жағдайда «Миграциялық бақылау туралы» заңның бабына сәйкес, виза берілмейді. Түптеп келгенде бұның барлығы жастарымыздың түрлі сөзге еріп, өзге елге жұмысқа барсаң бата қаласың деген жалған қауесеттің құрбаны болды деп айта аламын.
Жалпы Корея Республикасында заңсыз еңбек мигранттарының құқықтары барынша шектелген. Шетел азаматымен болған кез-келген сипаттағы оқиғада өзге елдің азаматы кінәлі деп танылады. Оның ақ-қарасына мән беріп, ара жігін ажыратып жатпайды. Ең сорақысы жұмыс беруші гастербайтерлерге медициналық сақтандыру жасамайды. Оған қоса ақылы қызмет өте қымбат. Жазатайым пышақ жарақаты не сол тектес жараланып, аяқ астынан ота жасау керек болып қалса емхананың өзіндегі стационарлық ем-дом шаларының бағасы 35-45 мың доллардан асады. Ал, шет елде қайтыс болған жағдайда мәйітті кремациялау өте жоғары. Мәйітті мәйітханада бір күн ұстау ақысы Сеуілдің орталығындағы ең мықты қонақ үйге түнегенмен тең. Ең сорақысы қаржыңыз болмаса туысыңыздың денесін қайтарып ала алмайсыз. Өйткені ақысы төлемейінше өлген адамның денесін бермейді. Бұндай жағдайда Қазақстанның дипломатиялық өкілдері де шарасыз күйге түседі. Заңсыз жүрген мигранттар қайтыс болған жағдайда мәйітті тасымалдауға кететін шығынды төлей алмайды. Ауыр халдегі адамды елге жеткізу үшін санитарлық авиацияны пайдалануға да құқы болмайды.
Оған қоса біздің елдің азаматтары кәрістердің тілін, заңнамасы мен жергілікті салт-дәстүрін білмегендіктен алаяқтардың құрбаны болып та жатады. Заңсыз жолмен шет елге жұмысқа бару басты бәйгеге тігіп, өлімге барумен тең дер едім. Емін-еркін жүріп-тұра алмасаң, ауырғанда ем-дом ала алмасаң. Соңы не болары айтпасада да түсінікті деп ойлаймын.
Бір ғана бастан өткен мысалды қоса кеткенді жөн санадым. Жақын туысымның қызы заңсыз жолмен шетелге барып бір жыл жұмыс істеп келді. Сонда жүріп әлгі жігітпен сөз жарасып, тұрмыс құрды. Алдын ата-анасы бүткіл әулет қарсы болды. Дегенмен қыз өз дегеніне қайтпайтынын айтып, рұқсат бермесе тіпті өз-өзіне қол жұмсайтынын айтып тұрып алды. Соңында туыстары амалсыз көнді. Шетелдік күйеу бала елге келіп, ата-анасының алдынан өтті. Бір жыл бойына қазақтың салт-дәстүрі мен әдет ғұрпын үйреніп келіпті. Былдырлап екі ауыз қазақша сөз де айта алады. Өзі мұсылман болған соң діни жолмен некелері қиылып, өзге елге аттанды. Бірнеше жыл бәрі жақсы болды. Екеуінің арасында қыз дүниеге келді. Бірнеше уақыт өткен соң тіпті екеуі қол ұстасып қазақстанға келіп тұрды. Бір күні әлгі күйеу бала қызын алып шетел асып кетті. Анасы бауыр еті баласын аңсап аңырап қалды. Күйеу жігіттің айтатыны қызым өз елінде өссе дедім дейді. Ойланбай басқан қадам соңы осындай опық жегізеді. Бұл бір ғана мысал. Өздеріңізге белгілі сирия асып жатқан отандастарымыз қаншама. Онда барған соң әйелдеріне талақ жасап тастап кетіп жатқаны көп. Қаракөз қарындастарымыз өлместің күні үшін өзгенің күңі болып жатқан жасырын емес. Мемлекетіміз қаншама қаңғырып қалған отбасы мүшелерін елге алып келді. Қыздарымыз жастықпен өзгенің етегін ұстап кетіп, соңында барып өкініп, бармақ шайнап жатады. Бұның барлығы жастардың әр нәрсенің байыбына бармай, жеңіл ойлауынан деп білем. Сондықтан шет елге қызығып, өзге мемлекетке барып батып қалам деген құр жалаң ой ғана сияқты көрінеді маған.
Елімізде жастарға ерекше мән беріледі. Өскелең ұрпақ тәрбиесі өте маңызды мәселе. Кешегі құрылтайда Президентіміз Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас ұштағаны деуге болады, деп атап өтті. «Біз ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Шығыстың ұлы ғұламасы Әль-Фараби тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы екенін айтқан. Бала тәрбиесі – ең алдымен, ата-ананың міндеті. Алайда кейде ата-аналар дұрыс тәрбие берудің орнына өздері жағымсыз үлгі көрсетеді. Балалардың тәртібіне бейтарап, селқос қарайды, тіпті, жауапкершіліктің бәрін мектепке, мұғалімдерге жүктейді. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Бұл – анық нәрсе. Десек те, ата-аналар баланы, ең алдымен мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге аса мән беруі тиіс. Сол сияқты мектепте – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет. Балалар арасында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Әрбір адам жауапсыз қадамның арты бүкіл елге қасірет әкелуі мүмкін екенін терең түсінуге тиіс. Барлық салада, барлық деңгейде жауапкершілік болса ғана, ісіміз оңға басады. Шын мәнінде, сын сағатта кімнің кім екені анық көрінеді. Елге жаны ашитын адам қиын жағдайға тап болған жұртқа нақты іспен көмектесуге дайын болады. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі», деді мемлекет басшысы.