Көкжайлауға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі қайтарылады
Көкжайлауға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі қайтарылады
Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелеріне қатысты заң жобасы арқылы 1,5 мың га аумақты ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесіне қайтару көзделіп отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«Сіздің министрліктеріңіздің ақпаратына сенсек Бурабай мемлекеттік, ұлттық табиғи паркінің 370 га аумағы Бурабай АЭА қажеттігіне бөлінген. 2014 жылы Көкжайлау тау-шаңғылы курортын салу үшін Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің мың гектарға жуық бөлігі қарастырылған. Бүгінге дейін ол жерде подстанция салынды. Осыған байланысты аталған аумақтың бәрі де ерекше қорғалатын табиғи аумақ санатына қайтарыла ма?» — деп сұрады Мәжілістің жалпы отырысында депутат Иван Клименко.
Мәжілісменнің сұрағына Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді. «Өздеріңіз білетіндей Щуче-Бурабай курорттық аумағын дамыту үшін 370 га аумақты бөлдік. Бүгінгі таңда оның 260 га бөлігі игерілді. Ендігі 110 га бөлігін бүгінгі күні ерекше қорғалатын табиғи аумақ құрамына қайтаруды көздеп отырмыз. Көкжайлау бойынша тау-шаңғылы кешенді салуға жер бөлгенбіз. Алайда бұл жобадан қазір бас тарту туралы шешім қабылданды. Сол себепті бүгінгі таңда қала әкімдігі бұл жер аумақтарын қайтаруға келісіп отыр. Осыған орай заң арқылы жеңілдетілген тәртіппен ешқандай шығынсыз оны қайтаруды көздейміз. Парктердің аумағына ешқандай өзгерістер енгізілмейді», — деді Ерлан Нысанбаев.
https://www.inform.kz/kz/kokzhaylauga-erekshe-korgalatyn-tabigi-aumak-martebesi-kaytarylady_a3657299