Бала тәрбиесінің маңыздылығы орасан
Әлемге әйгілі ойшыл, ұлы философ Әбу Насыр Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы»- деген болатын. Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу — бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар жекелеген әр-бір адамның міндеті. Тәрбие тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-ананың тәрбие берудегі нық ұстанымдары мен өзіндік көрегендігінің рөлі орасан. Дегенімен де, қазіргі замманда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық» деңгейі арта түсуде.
2016 жылдың шілде айында Қазақстан аумағында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы ұсынылды. Жоба бойынша отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалық нормативтік актілерге өзгерістер енгізілген. Себебі, қазіргі «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» заңнамасының кемшіл тұстары жетерлік.
Жоба аясында Оңтүстік Қазақстан облысының, яғни қазіргі Түркістан облысының әкімі Ж.Қ.Түймебаевтың бастамасымен «Тұрмыс», «Мерекелі отбасы», «Зорлық-зомбылықсыз – Оңтүстік» және тағы басқа түрлі акциялар қолға алынған. Нәтижесінде, отбасы-тұрмыстық саладағы қылмыстар 2017 жылы 5,9 пайызға төмендеген. Және облысымызда қылмыс санын халық санына шаққанда 0,3% республикада ең соңғы 16 — орында екенін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуалиев мәлімдеген болатын.
Аталмыш жоба басталғалы ел аумағында, оның ішінде Түркістан облысының тұрмыстағы әйел азаматтарының құқықтық сауаттылығы артқан. Сауатты ана- бала тәрбиесінде ерекше ден қоятыны анық.
Қазіргі таңда, отбасындағы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған заңды нормалар жетілдірілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобаларының жұмыстарын іске асыру жоспарының 29 пунктіне сәйкес 2004 жылдың 13-желтоқсанында Қазақстан Республикасы Премьер министрінің тағайындауымен «Тұрмыстық зомбылыққа қарсы әрекет ету туралы» заң жобасы әзірленді.
ҚР Бала құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, Республикада 20 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы жұмыс жасайды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 7 539 (2016 жылы – 7 109) кәмелетке толмаған бала орналастырылды. Оның ішінде 937 (12,4%) — ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар (2016 жылы 1 010), 6 306 (83,6%) — бақылаусыз және қадағалаусыз қалғандар (2016 жылы- 5 843), 207 (2,7%) — девиантты мінез-құлықты балаларға арналған арнайы ұйымдарға жіберілгендер (2016 жылы- 139), 89 (1,1%) — өмірдің қиын жағдайына тап болған кәмелетке толмағандар (2016 жылы- 117) құрап отыр. Бұл мәліметке сүйенсек аталмыш сала бойынша, қолға алынған жұмыстар өз нәтижесін беруде.
(Диаграмма -1)