Жасыл желек- жанға сая
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2005 жылғы 16 ақпандағы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жасыл ел» елді жасылдандыру бағдарламасын іске қосу және студенттерді осы істерге тарту туралы мәселені алғаш рет қозғады. Бағдарламаның негізгі мақсаты- жастардың көмегімен аймағымызды көгалдандыру, абаттандыру, сол арқылы студенттер мен жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтып, жас ұрпақ арасында патриоттық және экологиялық тәрбиені насихаттау. Осы бастаманы жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 маусымдағы № 632 қаулысымен еліміздің 16 өңірінде инфрақұрылым дамыған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы құрылды. Аталмыш бағдарламаға биыл 13 жыл толып отыр. Жасылелдіктер елдің тек қана көгалдануы мен тазалығын сақтауға ғана емес, оған қоса біздің ортақ үйіміз — Қазақстанның өркендеуіне жауапты жаңа буынын тәрбиелеп, жастарды жұмыспен қамтуға, студенттердің патриоттық рухын көтеруге үлкен үлес қосып келеді.
Түркістан облысында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жыл сайын 1000-нан аса жас жазғы еңбек лагерлеріне тартылса, жалпы 13 жыл ішінде 15 мыңға жуық жас атсалысқан.
Облысымызда жастар саясатына, онымен қоса еліміздің ертеңі келешек ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөлінуде. Сондықтан да жасөспірімдер мен балалар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу саласы ерекше назарда. 2014 жыл бағдарламаның соңғы жылы болғанымен, ҚР Үкіметінің отырысында 2015 жылы «Жасыл Ел» бағарламасын жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Түркістан облысында «Жасыл ел» бағдарламасының орындалу барысының соңғы 5 жылдығын қорытындылысақ, 2014 жылы — 857 жас жұмыспен қамтылса, 2015 жылы 1 000-нан аса, 2016 жылы -1700, 2017 жылы- 1275 жас жұмыспен қамтылса, бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың 31 шілдесінде 500-ден асты. Бағдарлама аясында 2014 жылы республика бойынша орташа жалақы-36 800 теңгені құраса, 2015 жылы- 25-35 мың, 2016 жылы – 30-35 мың, 2017 жылы- 60-65 мың-ды құраса, 2018 жылы жалақы мөлшері 27 000-нан басталды. Еңбекақының бір бөлігі республикалық бюджеттен бөлінсе, қалғаны мердігер компаниялар тарапынан төленеді.
Түркістан облысында 2017 жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына тартылған жастардың арқасында 117 елді мекендегі 6 мың метрге жуық шарбақ сырланып, 100 мыңнан астам көшет отырғызылды. Сонымен бірге, былтыр 445,8 мың га саябақ пен аллеялар, орталық көше бойлары абаттандырылды.
(Диаграмма — 1)