Түркістан облысында туыстарының атынан кредит алған алаяқ ұсталды
Түркістан облысында туыстарының атынан кредит алған алаяқ ұсталды
Түркістан облысында туыстарының атынан кредит алған алаяқ ұсталды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, Ордабасы АПБ-не туыс апалы-сіңлілі екі жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша бейтаныс адам олардың атынан онлайн-несие алған.
«Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Ордабасы ауданы полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайы Шымкент қаласынан ұстады. Ол жәбірленушілердің туыс сіңлісі болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, жәбірленуші былтыр туыс әпкелеріне хабарласып, қарыз таныстары ақша тастайтынын, сол үшін банк карталарының кодтары мен жеке куәліктерінің мәліметтерін суретке түсіріп жіберуді сұраған. Содан туысына сенген жәбірленушілер ол сұратқан ақпараттарды береді. Осы арқылы күдікті онлайн-несие алуға өтініш тастап, несие рәсімдеген», — делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.