Шымкентте 300 мың теңге пара алған басқарма басшысы 4,5 жылға сотталды
Шымкентте 300 мың теңге пара алған басқарма басшысы 4,5 жылға сотталды
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасының бұрынғы басшысы пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ол коммерциялық семинар өткізуге «Шымкент Цирк» МҚК залын жалға алуда цирк кассасына іс жүзінде қаражат төлеместен, қосымша уақыт бөлуге жәрдемдескені үшін кәсіпорын өкілінен 300 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін күдікті болған.
Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осыған дейін «Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Б. Үмбетке қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін сотқа дейінгі тергеуді өндіріспен аяқтады. 2020 жылдың 19 наурызында Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотының үкімімен Үмбет 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды, — деді Бегайдаров Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен онлайн-брифинг барысында.
Сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.