ШЫМКЕНТТЕ ЕРІКТІ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ
ШЫМКЕНТТЕ ЕРІКТІ ЖАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жыл «Жастар жылының» жалғасы ретінде «2020 Волонтерлар жылы» деп жариялаған болатын.
Осы бағытта, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ғимаратында «2020 Волонтерлар жылы» аясында ауданның белсенді ерікті жастардың қатысуымен форум өтті.
Еркін форматта пікір алмасу ретіндегі кездесуге Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов арнайы қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталған Ғабит Патшаханұлы еріктілердің қатысуымен және атсалысуымен өтетін әлеуметтік бағыттағы шаралар, мәдени бағыттағы және қаламыздағы тазалық акциясы бағытындағы жүргізілетін шараларды атады.
Сонымен қатар, биыл Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында алдағы уақытта аудан көлемінде ерікті жастармен бірлесе атқарылатын жұмыс жоспарлары туралы ойымен бөлісті.
Кездесу аясында аудан әкімі мемлекет басшысының қолдауымен жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіліп келетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, жастар саясатын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды.
Жиынға қатысушы жастар көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, аудан басшысымен еркін түрде пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.
Аудан басшысы жастардың айтқан ұсыныстарын негізге ала отырып, мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін алған білімдері мен күш-жігерлерін ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында жұмсауларына тілектестігін білдірді.
Кездесуге Әл-Фараби ауданының әкімі мен қызметкерлері, қалалық мәслихат депутаты, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, қалалық жастар мәслихатының депутаттары, жастар және қоғамдық бірлестік өкілдері, студент жастар, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.