Болашақтың тұғыры болған жолдау!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған елді саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту бағытындағы «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН:
ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» Жолдауын жариялады. Жолдауды әріптестермен және оқушылармызбен бірге тікелей эфирде тамашаладық.
Жыл басынан басталған өзгерістер мен күрделі саяси реформаларға түрткі болған қаңтар оқиғасына ресми түрде баға беріп, мемлекет қауіпсіздігі мен тұрақтылығы жолында атқарылып жатқан істерге шолу жасады. Ең алдымен елімізде, қала берді бүкіл әлемде болып жатқан саяси өзгерістер барлығымыздың алаңдаушылығымызды туғызып, үлкен өзгерістер күткеніміз сөзсіз. Бұл Жолдау Қазақстанның Жаңа заман тарихында жаңа кезеңнің басталғанының куәсі екендігіне барлығыңыз келісесіздер деп ойлаймын.
Қ.Тоқаев қазіргідей бүкіл билік президент қолына шоғырланған басқару жүйесінен бас тартып, құзыреті күшейтілген парламент бар президенттік республикаға өту керегін айтты. Бұған қоса президент келесідей өзгерістер енгізуді ұсынды:
• парламент мәжілісі депутаттарының 70 пайызын – пропорционалды, 30 пайызын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау, ал облыс және республикалық маңызы бар қала мәслихаттарын аралас жүйе бойынша сайлау;
• мәжіліске Қазақстан халқы ассамблеясынан депутат сайлауды тыйып, ондай квотаны қысқартылған түрде сенатқа аудару;
• мәжілістің рөлін күшейтіп, сенатқа мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау я мақұлдамау құқығын қалдыру;
• Конституциялық сотты қайта жаңғырту;
• қызмет өкілеті аяқталғанға дейін ел президенті мен бірқатар орталық билік органдары басшыларының саяси партия мүшелігін тоқтатып, жергілікті әкімдер мен орынбасарларының саяси партия филиалында басшы қызмет атқаруына тыйым салу.
• президентті аудан және ауыл әкімдерін тағайындау құқығынан айыру;
• президент сенатқа қазіргідей 15 емес, 10 депутатты тағайындауы керек;
• Есеп комитетінің орнына республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Жоғары аудиторлық палата құру;
• саяси партияны тіркеу үшін оны қолдайтын адам санын қазіргі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайту, ал партия құру үшін бастамашыл топта кемінде 700 адам (қазір 2 мың) болса жеткілікті.
Халықтың көңілінен шыққан айрықша бастамаларының бірегейі — республиканың әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысты болды. Семей аймағында Абай облысын құру, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру, Жетісу және Алматы облыстарын құру ұсынысы ең алдымен өңірлерді экономикалық тұрғыдан көтерудің маңызды тетігі екендігі анық. Оны мемлекет басшысы өз сөзінде атап өтті.
Бұл ширек ғасыр ішінде қалың бұқараның көңілінен шыққан, зиялы қауым мен халық қалаулылары тарапынан қолдау тапқан айрықша жолдау болғаны анық. Себебі, Президент елдің көкейіндегі қылдай нәзік, күрмеуі шешілмей келе жатқан, қордаланған мәселелерді дөп басып, күрмеуін шеше білді. Бүгіннен бастап, біз жаңа Қазақстанды құруға бет алдық. Осы жолда билік пен халықтың арасына сызат түспей, қиындықтар мен келеңсіздіктерді сәтті еңсеруге тілектеспін. Қазақстан халқына, отандастарыма айтарым осындай қиын жолда Президентіміздің батыл бастамаларына жұдырықтай жұмылып қолдау көрсетейік.
Молдадосова Алтынай Кайыповна
«Үздік педагог-2020» республикалық конкурсының жеңімпазы,
«Жетісай ауданының мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының» тарих пәні мұғалімі