ЖАҢА ЖОЛДАУДАҒЫ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН
Тәуелсіз мемлекетіміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2022 жылдың 16-наурызында халыққа арналған кезекті жолдауын жасады. Бүгінгі жолдау Қазақстанның болашақтағы ұзақ мерзімді саяси дамуының жаңа бағыттарын нақтылап берді.
Бірінші кезекте, Президент елімізде орын алған Қаңтар оқиғасына байланысты қоғамда қалыптасқан түрлі пікірлер, атқарылып жатқан жұмыстарға өз бағасын беріп өтті. Сондай-ақ, елдің тыныштығын бұзатын, мемлекеттің бүтіндігі мен тұтастығына қауіп төндіретін қайғылы жағдай қайталанбас үшін билік, азаматтар мен түрлі ұйымдар тарапынан жасалу керек іс-әрекеттер мен жауапкершілік туралы бағамдап өтті.
Қазақстан қоғамында күн өткен сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жымқырылған қаражаттарды мемлекет қазынасына қайтару бойынша жұмыстар ауқымды түрде жүргізіліп жатыр. Мұндай теріс әрекеттердің басты себептерінің бірі, жоғарғы билікке туыстық принциппен тағайындалу екенін осыған дейін мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткен болатын. Демократиялық қоғамға кереғар мұндай жайттардың алдын-алу мақсатында Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды атқаруға заңнамалық тұрғыда тыйым салынатынын баса атап өтті.
Президенттің өкілеттілігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің ролін айтарлықтай арттыру керектігі, соның ішінде заң қабылдау құқығы Мәжіліске жүктеліп, құзыреттілігін арттыруын қарастыруы әлемнің озық елдерінің қатарына қосылуға жасалған үлкен қадамы деп бағалағанымыз дұрыс. Сондай-ақ, Мәжіліске сайланатын депутаттардың 70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандаттық округтен сайлануы билік пен халық арасында конструктивті диалог құруға мүмкіндік болып табылады. Сенаттағы президенттік квотаның санын 15-тен 10-ға қысқартуы да депутаттық мандатты тек бақылау мен билік жүргізу құралы ретінде жеке бас мүддесіне пайдалану үшін емес, қоғамдағы барлық пікірді ескеретін және санасатын билік тармағы болатынының кепілі.
Келесі кезекте, мемлекет басшысы Президенттің, түрлі деңгейдегі әкімдер мен олардың орынбасарларының ешқандай партияға мүше бола алмайтынын атап өтіп, бұл саладағы бірқатар өзгерістерге тоқталып өтті. Депутаттардың аудандық және қалалық мәслихаттарға мажоритарлық жүйе бойынша, облыстық мәслихаттарға аралас негізде сайлануы, Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін мәслихат келісімімен балама негізде тағайындауы, аудандық және ауылдық округ әкімдерін бұдан былай қызметтен Президент алмай, бұл мәселенің халықтың құзіретіне толық қалдырылуы, партияларды тіркеу рәсімінде қарастырылған 20 мың адамның санын 5 мыңға дейін қысқартуы да Жаңа Қазақстанды құрудағы елеулі қадамдар болып отыр.
Биліктің «төртінші тармағы» саналатын баспасөз ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болу қағидаттарына тоқталып, бұл билік тармағының моральдық нормаларға сай болуына шыншыл, шынайы, қызметіне деген адалдығы басты орында тұратын, қоғам алдындағы жауапкершілігін жете түсінетін журналистер қалыптастыратынына тоқталды.
Ұлттық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарғанына бәріміз куәміз. Президент Қ.К.Тоқаев оның орнына құрамы жағынан ауқымды, жалпыхалықтық деңгейде қызмет атқаратын Ұлттық құрылтай құру туралы ұсынысын айтты. Ұлттық құрылтай мүшелері ретінде тек танымал азаматтар ғана емес, қоғамның түрлі саласындағы азаматтардың да тартылуы нәтижесінде өзекті мәселелер оң шешімін тауып, жаңа ұйымға мемлекет азаматтарының сенімін арттырары сөзсіз.
Қазақстан азаматтарының ең бір қуана қабылдаған жаңалығы – бұрынғы біріктірілген облыстарды қайта қалпына келтіріп, оларға Абай, Ұлытау, Жетісу, Д.Қонаев сияқты ұлттық тарихымызды жаңғыртатын, бірегейлігімізді паш етіп, бірлігімізді танытатын тарихи атаулардың, ұлылығымызды баянды ететін тұлғалардың есімдерінің берілуі болып отыр.
Президентіміздің халыққа бүгінгі жолдауы Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдардың бастамасы. Көшбасшымызды қолдау, бастамаларына сенім білдіру әрбір қазақстандық азамат үшін жауапты да маңызды іс деп білеміз. Өйткені, елдің бірлігі – мемлекет тұтастығының кепілі.
Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!
Түлкібас ауданының үш тілде оқытатын мамандандырылған
мектеп-интернаты директоры С.Ш.Талдахметов