«Түркістан» ӘКК БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырып, тұрақтандыру қорының жұмысын көрсетті
«Түркістан» ӘКК БАҚ өкілдері үшін баспасөз турын ұйымдастырып, тұрақтандыру қорының жұмысын көрсетті. Атап айтсақ, экобазар (жәрмеңке), әлеуметтік дүкен және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған сөрелері бар ірі супермаркеттерге барып, азық-түлік бағасын тұрақтандыру барысын саралады.
Баспасөз туры барысында «Түркістан» ӘКК тұрақтандыру қоры директоры Лаура Жанасбаева қазіргі уақытта тұрақтандыру қорының қоймаларында 5,7 тоннадан астам тауар, оның ішінде ұн, картоп, пияз, қант, күріш, макарон, тұз және тағы басқа өнімдер сақтаулы екенін атап өтті.
Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа ұсынатын 13 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. 5 супермаркетте («Дастарқан», «Шапағат», «Береке», «Бәйтерек», «Дәулет») әлеуметтік маңызды тауарларға арнайы сөрелер ұйымдастырылған. Бұдан басқа, аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, экобазар аумағында әр жұма сайын ауыл шаруашылығы азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өткізіледі. Әлеуметтік тауарлардың бағасы дүкендер мен супермаркеттердегі арнайы сөрелерде нарық бағасынан 10-20% төмен бағада саудаланып жатыр. Мысалы, егер кәдімгі дүкендерде картоптың нарықтық бағасы 200-250 теңге шамасында болса, тұрақтандыру қорының сөрелерінен картоп, сәбіз бен қырыққабаттың келісін 100 теңгеге, пиязды 70 теңгеге алуға болады. Сондай- ақ, 1-санаттағы жұмыртқаның бір данасы 32 теңге болса, күнбағыс майы – 690, қарақұмық – 425, рожки – 186, тауық еті – 870 теңге.
Жалпы, жыл басынан бері тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік павильондар, жәрмеңкелер және көшпелі сауда арқылы 367,8 тонна тауар сатылды.