PFIZER вакцинасы жоғары тиімділігін көрсетт
Елдегі коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қабылдап жатқан Үкіметтің іс-шаралары өз нәтижесін беріп, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай біршама тұрақталып келеді.
Түркістан облысы әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және тиісті ведомостволардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде, бағалау матрицасы бойынша облысымыз тамыз айынан бері «жасыл» аймақта. Облыста жоспарға сай халықтың 92%-ы COVID–19-ға қарсы вакцинаның І компонентін алды.
Десек те, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты жұмыстар әлі жалғасуда. Өздеріңізге белгілі, бұған дейін жүктілік кезеңіндегі әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балаларға вакцина егуге тыйым салынып келген. Коронавирус инфекциясына қарсы иммунитетті қалыптастыруда еліміз өзге мемлекеттер секілді әлемдік тәжірибелердің негізіне сүйенеді.
Жақында АҚШ-тың санитариялық азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы Pfizer вакцинасы 12 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың арасында 93% ауруханаға түсудің алдын алды деп хабарлады. Оларға ересектерге салынатын мөлшердің 1/3 бөлігінен екі доза вакцина егілген. Мәліметтерге сәйкес, жас балаларда ересектерге ұқсас антиденелер деңгейі жоғары болған екен. Қорғаныс әсері бірінші дозасын алғаннан 12 күн өткен соң пайда бола бастайды. ДДҰ толық қорғауды қамтамасыз ету үшін 21-ден 28 күнге дейінгі аралықта екі мөлшерін де алу қажет екенін ұсынады.
Осыған сәйкес, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «20 қазан күнгі ел арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу» туралы қаулысы шыққан болатын. Қаулыда көрсетілген әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, «Комирнати» (Pfizer) вакцинасын 12 жастағы және одан асқан жасөспірімдер, жүкті әйелдер – жүктіліктің 16 аптасынан бастап 37-ші аптасына дейін, лактация кезеңіндегі әйелдер – босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан соң (42 күннен кейін) алуына болады. 12 жастағы және одан үлкен жасөспірімдерге вакцина салдыру ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.
Осы орайда «Комирнати» (Pfizer) вакцинасының алдыңғы вакциналарға қарағанда сақталу талабында ерекшеліктер бар. Ашылмаған, мұздатылған құтылардың сақтау мерзімі – өндірілген кезден бастап 9 ай, тек — 90°C-тан -60°C-қа дейінгі температурада сақталуы тиіс.
-90°C-тан -60°C-қа дейін (мұздату деңгейі) температуралық режимнен +2°C-тан +8°C-қа дейін (еріту деңгейі) ауыстырылған кезде вакцинаны сақтау мерзімі ауыстырылған күннен бастап 31 күнді құрайды.
Біздің тарапымыздан иммундауды жүргізудің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, егу пункттерінің талаптарға сәйкестігі мен оның сақталуына бақылау жұмыстары жүргізілетін болады. Себебі, иммундаудың түпкілікті тиімділігі осы факторларға тікелей байланысты.
Н.НЫШАНОВ,
Түркістан облысының санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.