ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА АТ МІНГІЗІП, ШАПАН ЖАПТЫ

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА АТ МІНГІЗІП, ШАПАН ЖАПТЫ

Португалия астанасы Лиссабон қаласында дзюдо күресінен өткен әлем чемпионатының жүлдегері, әлем чемпионы Мәди Набиевпен кездесу «Жастық» стадионында өтті. Стадионға аудан тұрғындары, жанкүйерлер жиналып, ауданымыздың абыройын асқақтатып, көк туын көкке көтерген спортшыға құрмет көрсетті. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев қатысып, Мәди Бәйділләұлын жеңісімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

— Мәди бауырымыз 2017 жылы самбо күресінен әлем чемпионы, спорттың осы түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақша күрестен, самбодан және дзюдодан бірнеше дүркін республика, облыс чемпионы. Қазақша күрестен 3 дүркін Төлеби ауданының түйе палуаны. Мәди Бәйділләұлы сіз, байрақты бәсекелерде аудан абыройын асқақтатып келесіз, спорттағы әрбір жеңісіңіз жерлестеріңізге қуаныш сыйлайды. Аудан жастары сіздің жеңістеріңізден үлгі алып, мақтан тұтады. Алдағы уақытта да спорт саласында жетістікке жетіп, еліміздің мерейін үстем етеді деп сенім артамын, — деді құттықтау сөзінде аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы.


«Ер қанаты – ат, ол сенің басыңа қонған бақ, астыңдағы алтын тақ» деген қанатты сөз бар халқымызда, мерейлі жиында Мәди Нәбиевке аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының атынан ат мінгізіп, шапан жапты. Мәди Бәйділләұлы өз кезегінде, өзіне жанкүйер болып, қолдау білдірген аудан халқына ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *