ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ – ҰЛЫ МҰРА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТІП ЖАТЫР
ТҮРКІСТАНДА «ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ – ҰЛЫ МҰРА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТІП ЖАТЫР
Түркістанда алғашқы халықаралық туристік форумы өтуде. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған Гибридті форматтағы (онлайн және офлайн) форумда туристік салада жұмыс істейтін 15 елдің (Венгрия, Тайланд, Нидерланды, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Тәжікстан, Португалия, Сербия, Ауғанстан, Солтүстік Македония, Бразилия, Литва, Эстония, Өзбекстан) бизнес-құрылымдардың өкілдері мен мамандар ежелгі қалада Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және Жібек жолы бойындағы туристік бағыттарды дамыту мәселелерін талқылады.
Түркістан ғасырлар бойы Қазақ хандығының саяси және рухани өмірінің жүрегі болған еді. Бүгінде ежелгі қаланың қарқынды өсу кезеңін бүкіл әлем бақылап отыр. Ал бұл ретте туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Соңғы жылдары қалада мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Мысалы, «Керуен-Сарай» көпфункционалды кешенінің өзінде тұрақты түрде төрт мыңнан астам адам еңбек етеді.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің алғы сөзінде: «Туризмнің өңір экономикасына қосқан үлесі артып келеді. Осы ретте Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті кәсіби оқытылған кадрлармен қамтамасыз ететіні қуантады», – деп атап өтті.
Сондай-ақ министр Түркістан облысының әкімдігі мен Өмірзақ Шөкеевке, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – туризм және спорт министрі Азиз Абдухакимов бастаған өзбек делегациясына, ЮНВТО және ЮНЕСКО ірі халықаралық ұйымдардың мамандарына, сондай-ақ форумның басқа да қатысушыларына алғысын білдіріп, еліміздің басты ұлттық мерекесі — Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында өткізіліп отырған аталмыш іс-шараның маңыздылығын атап өтті. Халықаралық форумда сөз алған Түркістан облысының әкімі күллі түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда туризмнің бірнеше бағытына басымдық берілетінін айтты.
«Түркістанның дамуы – Елбасының назарында. Еліміздің Тұңғыш Президентінің күнделікті бақылауының арқасында, Мемлекет басшысының қолдауымен құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі шара ең алдымен, екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған. Ясауи кесенесіне зиярат етіп келушілер саны күн сайын артып, 1 млн-нан асты. Алдағы уақытта олардың қатары 5 млн-ға жетеді. Қасиетті мекенде археологиялық туризм, этнотуризм секілді туризмнің көптеген түрлерін дамытуға мүмкіндік бар», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Егемендік жылдары ел Үкіметі тарихи-мәдени мұра нысандарын зерттеу, сақтау және дәріптеу жолында ауқымды жұмыс жүргізгені белгілі. Туризм саласындағы стратегиялық және бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданды және нормативтік-құқықтық база жетілдірілді.
«Жақында ғана заңнамалық өзгерістер қабылданып, туризм саласында инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін кең ауқымды мүмкіндіктер беретін жүйелі шаралар енгізілді. Бұл шаралар 2019 жылы қабылданған мемлекеттік бағдарламаны толықтырады. Оның аясында қасиетті Түркістан қаласына кіретін ТОП-10 туристік дестинацияны дамыту көзделді», – деп атап өтті форумның модераторы, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов.
Форум аясында қатысушылар өңіраралық және халықаралық кооперацияның жаңа нысандарын дамыту, әсіресе трансшекаралық бағыттарды құру мәселелерін талқылады. Ал кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық және өзбек туроператорлары арасында Ұлы Жібек жолы бойында жаңа туристік өнімдерді қалыптастыру бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Трансшекаралық маршруттардың географиясын одан әрі кеңейту мақсатында қатысушылар алдағы уақытта ТОП-10 кіретін басқа дестинацияларда, мысалы, Ақтау немесе Бурабай сынды курорттық аймақтарда да осындай кездесулер өткізбек.
Форумның қорытынды бөлімінде танымал қазақстандық каскадер Жайдарбек Күнғожинов пен альпинистер құрамасының капитаны Мақсұт Жұмаевқа ҚР Туризм елшілерінің арнайы белгілері табыс етілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі