Астана тұрғыны үш адамға әдейі ВИЧ жұқтырды деген күдікпен ұсталды
Елорданың тұрғыны үш адамға әдейі АИТВ (ВИЧ) инфекциясын таратты деген күдікпен ұсталды.
Қаладағы ЖҚТБ алдын алу және күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдраимов өз клиникасына қаралатын бір науқастың басқа адамдарға әдейі инфекция жұқтырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.
Дәрігер Әбдраимовтың сөздерінше, орталық басшлығы емделушілерге диагноз туралы хабарлағанда үнемі олардан қауіпті инфекцияны өзгелерге таратпау туралы құжатқа қол қоюды талап етеді екен.
Қазір қылмыстық іс қозғауға әкеліп соқтыратын шартты бұзғаны үшін күдікті ретінде ұсталған науқас қамауда отыр.
Алайда ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
Бас дәрігер жазылмайтын ауруды таратушы екенін ел алдында мойындап, өздерінің қорқынышты диагнозы туралы айтуға көп адам дайын емес болғандықтан, бұл секілді оқиғалар сотқа дейін жете бермейтінін алға тартты.