ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА ҚАЙТАРЫМСЫЗ 500 МЫҢ ТЕҢГЕ МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ БЕРІЛЕДІ
«Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар тобына әлеуметтік қолдау шараларын күшейту бойынша тапсырмаларды беріп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынды. Жаңа бастамаларға сәйкес, облыста арнайы штаб құрылып, әрбір отбасыға үйме-үй аралау арқылы әлеуметтік карта жасалынды. Әлеуметтік карта бойынша облыстағы 86,6 мың көпбалалы отбасының 19 мыңы аз қамтылған қатарына енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр мәлімдеді.
«Түркістан облысында ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмекке жүгінген 56,9 мың азаматқа консультациялық кеңес беріліп, облыс бойынша қабылданған 32 326 отбасылардың өтініштері «Е-халық» ақпараттық электрондық жүйеге енгізілген. Бүгінгі таңда 24 748 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 21 608 отбасыға 4,7 млрд.теңге төленді. Сонымен қатар, 1 тоқсанда көмек мөлшері қайта қаралып, 15 422 отбасыға көбейген мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек төленді», — деді Ербол Әбілхайырұлы.
Ағымдағы жылы, енген өзгерістерге байланысты шартты ақшалай көмек 12 айға, шартсыз ақшалай көмек 6 айға тағайындалатыны көзделді. Бір отбасыға атаулы әлеуметтік көмектің айлық мөлшері орта есеппен 100-150 мың теңгені, жылдық мөлшері 1,8 — 2 млн. теңгені құрайды. Осыған байланысты, қомақты қаржыны тиімді пайдалану үшін және өз ісін ашып, қосымша табыс табу мақсатында облыста аз қамтылған азаматтарды кәсіпкерлікке тарту бойынша жұмыстары жүргізілуде.
«Өткен жылдың тәжірибесінің негізінде атаулы әлеуметтік көмектің біржолғы төлеміне басымдық беріп, аталған қаржы есебінен облыста әзірленген 15 кіші бизнес-жоба іске асыруда. Нәтижесінде 2019 жылдың 1 тоқсанында 400-ге жуық отбасы өз ісін ашты. Қосымша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз 500 мың теңге мемлекеттік гранттар берілетін болады», — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінгі таңда облыста көпбалалы отбасыларға арналған «Ырыс» микроқаржы ұйымы тарапынан бір пайыздық 2 млн.теңгеге дейін жеңілдетілген шағын несие беруде. Осы мақсатқа 100 млн.теңге қаржы бөлінді.
Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жұмыстары жүргізілуде. 2019 жылы республикалық бюджет есебінен 1248 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланды. Қосымша, облыстық бюджеттен халықтың осал топтарына 44 тұрғын үйдің (2309 пәтер) құрылысына 7,3 млрд. теңге бөлінді.
Көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары демеушілер есебінен де жүргізілуде. Ағымдағы жылы демеушілер тарапынан 18 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылды. Қосымша демеушілер 34,3 мың көпбалалы отбасыға 285 млн. теңгеге қаржылай және заттай материалдық көмек көрсетілді.
Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі