«Бұл сорақылықтың бітетін күні бар ма?»: Елбасы Бозымбаев пен Майтиевке шүйлікті
Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев монополия саласындағы тарифті өзіндік басқаруға назар аударып, министрлерді сынға алды деп хабарлайды NUR.KZ.
Елбасы алдымен Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан жауап алды.
«Сен тәжірибелі, салмақты, адам ретінде барлығын түсінесің ғой? Неге энергоөндіруші мекемелер өздерін ешкім бақыламайтындай әрекет етеді?», — деді ол.
Оған министр тарихи заңнаманы мысалға келтіріп жауап берді.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, 2008 жылдың желтоқсанында электр энергиясы туралы заңнамаға өзгертулер енгізілді. Қолдағы бар станцияларды қайта құру және жетілдіру бойынша өзіңіздің бастамаңызбен 2009-2015 жылдар аралығында қолға алынған ауқымды жұмыстар нәтижесінде энергожүйеде қуаттылық жағынан пайда арта түсті», — деді Бозымбаев.
Президент өзіне бәрі белгілі екенін айтты.
«Бізде Қазақстанда небәрі 43 энергоөндіруші бар. Министрлік осыны да бақылай алмайды ма?», — деп қайта сауал жолдады.
Бозымбаев енді жауап берге бастағанда Елбасы оның сөзін бөліп, халықтың көп ақы төлеп отырғанын айтты.
«Сен осы жұмысқа жауаптысың. Қазақстан бойынша осы мәселе сенің мойныңда. Сен нағыз №1 мамансың. Неге бұлай болып жатыр? Бұл сорақылықтың бітетін күні бар ма?», — деді президент.
Министр өз кезегінде ірі энергетикалық объектілерді тексеретін жұмыс тобы құрылғанын айтып, тарифтік әдістемені толықтай өзгертетінін жеткізді.
Осыдан кейін мемлекет басшысы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Майтиевке көшті.
«Монополияға қарсы комитет… «Қарсы» деген сөз табандылық танытып, тұтынушылардың, халықтың жағында болуы керек.
Монополияға қарсы комитеттің төрағасы, сен жағдайды реттей аласың ба? Әлде жұмыстан кетесің бе?», — деп сұрақты төтесінен қойды.
Майтиев президент тапсырмасын бұлжытпай орындайтынын айтып сендірді. Ал Назарбаев Бас прокурорға барлығын бақылауға алу керектігін қадап айтты.
Сөз соңында Елбасы министрлер мен оған бағынушыларға соңғы рет ескерту жасалғанын айтып өтті.
«Барлығыңа ескертіп отырмын. Келесі жолы басқаша шара қолданатын боламыз», — деп сөзін қорытындылады президент.