Ө.ШӨКЕШ: Түркістан облыс орталығы мәртебесін алғанына 2 жыл
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Кемеңгер көшбасшы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан облысының құрылуына, рухани астанамыз Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алуына 2 жыл толуымен баршаңызды құттықтаймы н!
Осыдан тура екі жыл бұрын маусым айында Ұлы Түркістан даласында үлкен жаңалық болғаны белгілі. Қазақстанның ғана емес, түгел түркі дүниесінің көшбасшысына айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи тағылымды Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Елбасының арқасында түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Көреген көшбасшымызға ұзақ өмір, қажымас қайрат тілеп, бүкіл түркістандықтар атынан шынайы Алғысымызды да жеткізгім келіп отыр.
Тарихи өлшеммен қарасақ бұл өте қысқа уақыт, алайда атқарылған қыруар жұмыс нәтижесінде Түркістанның жаңа келбеті, жаңа болмысы қалыптасып келеді.
Бүкіл ислам әлемін өзіне баурайтын, әрбір азаматты ішкі түйсігімен өзіне жетелейтін, данышпан Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мәңгілік мекеніне айналған Түркістанды замануи қала ету, өмір сүруге ыңғайлы, жайлы ету — басты мақсатымыз.
Түркістанның экономикалық дамуы үшін мүмкіндіктер мол. Қала арқылы «Батыс Қытай –Батыс Европа» автожолы, темір жол өтеді, жыл соңына дейін іске қосылатын Халықаралық аэропорт – қаланың өсу потенциалын тағы да арттыратыны сөзсіз.
Бүгінде Түркістан қаласында алғашқы кезекте 175 нысанның құрылысы жоспарланса, соның 102-сі жыл аяғына қарай пайдалануға берілетін болады. Бұл нысандар туристер саны мен жаңа да табысты жұмыс орындарының еселеп артуына, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартатыны сөзсіз.
Түркістанның туристтік, білім орталығы ретінде дамыту үшін арнайы Туризм және меймандостық универститеті ашылды, рухани-мәдени орталық ретінде дамыту үшін 2019 жылы 9 әлеуметтік нысан тапсырылса, биыл 20 нысан құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріледі.
Жаңадан қалыптасқан облыста жұмыс істеуге бүкіл республикадан мамандар келіп жатыр, оларды баспанамен қамту маңызды мәселенің бірі. 2019 жылы қалада 1128 отбасы жаңа пәтер иеленсе, бүгінгі күнге түрлі қаржыландыру көздері арқылы 6300 пәтерді құрайтын 136 көпқабатты үй құрылысы жүргізілуде.
Соңғы 2 жылда Түркістан облысының экономикасына түрлі қаржы көздері бағытталды. Бір ғана Түркістан қаласына салынған инвестиция көлемі 160 млрд.теңгеден артты.
Өңіріміз ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, спорт, инвестиция тарту және басқа салаларда да нақтылы ілгерілеушіліктерге жетті.
Әрине жетістіктермен қатар облыста қиындықтар да орын алды.
Арыста орын алған жарылыс, Мақтарал мен Төле би ауданындағы су тасқыны біздің елдігімізді, бірлігімізді, ынтымағымызды көрсетті.
«Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген қанатты сөз бар, біз бірге болсақ әлі талай биік шыңдарды бағындырамыз.
Қадірлі түркістандықтар!
Баршаңызды осы мерейлі күнмен құттықтай отырып, әр азаматқа мықты денсаулық, әр отбасыға береке, қуаныш тілеймін.
Киелі қаламыздың өсіп-өркендеуіне, Түркістанның жаңа тарихының жазылуына үлес қосуға шақырамын.
Өмірзақ ШӨКЕЕВ,
Түркістан облысының әкімі