«Аралас жекпе-жекке қатысқан». Таразда төбелестен 15 жастағы жасөспірім қаза болды
«Аралас жекпе-жекке қатысқан». Таразда төбелестен 15 жастағы жасөспірім қаза болды
Таразда жаппай төбелестен 15 жастағы жасөспірім қаза болды, — деп хабарлады КТК телеарнасы.
Марқұмның туыстарының айтуынша, оған сегіз рет пышақ салынған. Біреуі кеуде тұсына тиіп, өкпесі мен жүрегін зақымдапты. Дәрігерлер көп қан жоғалтқан сегізінші сынып оқушысының өмірін сақтап қала алмады. Қайғыдан қан жұтқан отбасы енді кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Өйткені бұл төбелеске қарсы жақтан 16 адам қатысқанымен, тек жалғыз адам кінәні мойынына алып отырған көрінеді.
«Адамы өліп, қазанында қан қайнап жатқанда алдыңа келсе, атаңның құнын кешесің дейді ғой. Алдымызға келсе, кішкентай да болса ашуымыз басылып, кішкентай да болса, қайғымызға ортақтасқанда шеріміз тарқар еді. Бірақ ондай іс-әрекет көрмедім.
Менің балам аралас жекпе-жекке қатысып жүрген. Ол бір балаға пышақтатпайды. Пышақтаған бір бала екен деген ақылға қонымсыз. Бір бала түгілі, екі-үш балаға да балам пышақтатпайды. Ол жерде 16 бала бәрі пышақтап отыр ғой», — дейді марқұмның әкесі Бейсенбай Құтышев.
Ол — бір отбасындағы 6 баланың төртіншісі. Жеткіншек болашақта әйгілі спортшы болуды армандаған екен.
Телеарна мәліметінше, түн жарымда мәселе шешуге бесеуі барып, 16 адамның қарсылығына тап болған. Арасында өздерінен бірнеше жас үлкені де болыпты.
«Орал бауырларым пышақтап кетті деп айғайлады. Оралды ұстап алған, осы жерге келіп құлады. Оралды алып кеттік. Олар пышақтаған соң қашып кетті», — дейді төбелесте болғандардың бірі.
«Қазір төбелеске қатысушылардың бәрі анықталып, жауап алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті ұсталып, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған», — деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
https://kaz.tengrinews.kz/events/aralas-jekpe-jekke-katyiskan-tarazda-tobelesten-15-jastagyi-309564/