ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ: ЕЛБАСЫ ТҮРКІСТАННЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІН БАСТАП БЕРДІ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде Президенттік өкілеттігін тоқтататынын жария еткен болатын. Осыған орай, Түркістан өңірінің зиялы қауым өкілдері Тұңғыш Президент жайында өз пікірлерін білдірді.
«Миллиондаған адамдар ұқсауға тырысқан Ұлт Көшбасшысы уақытынан бұрын өкілеттілігін тоқтатып, Президенттік лауазымын тапсырды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан үшін жасаған игі істеріне ел дән риза. Тәуелсіз жас мемлекеттің ең өршіл жобалары іске асты. Халыққа жасаған қызмет Елбасының ерік-жігері, шынайы отансүйгіштігі, даналығы, кемелдігі туралы ел аузында әлі айтыла береді. Тұңғыш Президент — елдегі тыныштық пен татулықтың тұрақты кепілі бола білді. Қиын жағдайларда батыл шешім қабылдады. Олар өзін-өзі ақтап, еліміздің өркендеуіне серпін берді. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің барлық күш-қуаты мен мүмкіндігін пайдала отырып, алға қойған барлық мақсатты жоспарларды іске асырды. Ата-бабаларымыздан мұра болған бейбітшілік пен келісімді сақтай білді. Нұр- ағамыз тарихта қалатын тұлға. Біз әлі сізбен біргеміз, қадірлі Елбасы!», — деді қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов.
«Халықтың бірлігі мен берекесі, ұлттардың татулығы, елдің тыныштығы бәрі де Елбасының жүргізген сарабдал саясатының жемісі. Қазақстан мемлекетінің тәуелсіздігі жолында талай қиындықтарды бастан өткерсе де елдің экономикасы мен әлеуетін көтеруде Елбасы барлық күш-қайратын жұмсады. Бүгінде әлемдік деңгейде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Әлемде болып жатқан дағдарысқа мойымаған Қазақстан биік белестерді бағындырып, еңселі елге айналды. Күні кеше облыста орын алған маңызды оқиғалардың бірі – облысы орталығын киелі Түркістанға ауыстыруы мен Шымкент қаласын үшінші мегополист қалалардың қатарына енгізуі туралы Жарлықтары еді. Жеріміздің кеңдігі ғана емес, халықтың саны жағынан да мақтанатын жағдайға жеттік», — деді ақын Ханбибі Есенқарақызы.
«Кешегі КСРО тарағаннан кейін бос кеңістікте қалған Қазақстанды экономикалық жағынан туралаған күйінде қабылдап алған Н.Назарбаев өз елін әлемдік деңгейге жеткізу жолында жанқиярлықпен қалай күрескені көз алдымызда. Иә, оған оңай болған жақ. Ел дамуы мүлдем басқа арнаға бұрылды. Нарықтық қатынас кезінде адамдар қалай өмір сүрудің жолдарын білген жоқ. Дегенмен, дамудың даңғыл жолы біреу-ақ еді. Міне, соны Нұрекең асқан көрегендікпен тани білді. Әрине, уақыт талабына, замана талабына барлығымыз бас иеміз. Оның өте жоғары лауазымынан өз еркімен бас тартуы да оның өте ақылды әрі сұңғыла саясаткер екенін көрсетеді. Көңілге үлкен демеу болатыны Ұлт Көшбасшысы әлі де атынан түскен жоқ. Ол қасымызда, Тәуелсіз елін тұғырлы ету жолында бұрынғысынан да жігерлі еңбек ете бермек», — деді қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі