РАМАЗАННЫҢ СОҢҒЫ ОН КҮНДІГІН ҚАЛАЙ ӨТКІЗГЕН ЖӨН

СОҢҒЫ ОН КҮНГЕ 10 КЕҢЕС

Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазандағы отыз күн оразаның соңғы он күнін қалай өткізген жөн. ҚРазақстан Мұсылмандары діни басқармасы сауабы мол, руханижағыру айында қандай сауапты істер атқару керектігін жариялады. Қайрымды істердің қайтарымы мол болмақ. 30 күн Ораза ұстап, ауыз бекіткен барша мұсылман бауырларға ниеттеріңіз қабыл болсын дейміз!

СОҢҒЫ ОН КҮНГЕ 10 КЕҢЕС

Рамазанның тәттілігін сезініп, оның жақсылығын теңдей етіп он бір айға бөліп тастап, әр айда берекеге кенелуді кім қаламасын? Дегенмен, бұл мүмкін бе? Иә! Алла жомарт! Алайда келесі айда оразаны ұмытпай, құлшылықты азайтпас үшін осы айда мол азық жинап қалуымыз қажет. Таңда сәресін ішкізіп, кешке ауызашарды асыға күткізген берекелі айдың да бітуіне аз қалды, бірақ дәл сол аз күндер сіздің тағдырыңыздағы өзгерістер баспалдағы болуы ықтимал.

Жәннатқа жақын құл боламыз ба, әлде, баяғы жартас, сол жартас демекші, бұрынғы әдетімізге қайта басамыз ба, жоқ әлде, рухани азық алуды жалғастырамыз ба? Рамазан айының соңғы он күнінде барынша сауапқа қол жеткізіп, сол күндердің берекесін жыл бойы сақтап қалудың бірнеше жолдарын айтып өтпекпіз.

 

Сүйікті сериалды – ӨШІРУ

 

Бәлкім, Рамазан айының басында-ақ көгілдір экраннан бас тартуды жоспарлаған боларсыз. Егер ол жоспарыңызда болмаса, онда Рамазан айының соңғы он күні – теледидар пультін алыстау жерге қойып қоюдың ең тиімді кезі.

 

Ғаламторды да – ӨШІРУ

 

Қасиетті айдың 21-ші күні келгенше бар уақытымызды ғаламтор парақшаларында құры жіберген болсақ, нағыз қылмыс жасаған боламыз. Егер ғаламтордан бас тарта алмайтын болсаңыз, модеміңіз, тіпті ұялы телефоныңыз да пульттің жанынан орын тепсін.

 

Бас қосуларды – ҚЫСҚАРТУ

 

Рамазан айының соңғы күндері оңашалануды талап етеді. Таңнан кешке дейін мешітте отырып құлшылық жасауға әркімнің жағдайы келе бермесі айдан анық. Алайда әрқайсымыздың бос сөзден, талас-тартыстан, ауызашардан басталып бірнеше сағаттарға созылған кездесулерден, таңға дейін әңгіме-дүкен құрып отырудан тыйылуға ерік-жігеріміз жетеді. Рамазан айының соңғы он күні он түрлі алтын жамбы іспетті. Ендеше, бір шыны шәй үшін алтын жамбыдан айырылып қалмайық.

 

Құлшылықты – АРТТЫРУ

 

Рамазан айының аяғында көпшілігіміз шаршаңқырап қаламыз. Бәлкім, бұл әлсіздікке себеп болған режимнің бұзылуы мен аштық сезімдері болар. Қалай болғанда да, біздің ықыласымыз әлсірейді, бірақ оған жол беруге болмайды. Рамазан айының 20-шы түні тарауық намазын оқыған жанға берілер сыйлықты естеріңізге салайық па? Жоқ, әлде 29-шы түнгі сауапты айтайық па? Есіңізге алар болсаңыз, қалай жайнамаз үстінде тұрғаныңызды аңғармай қаларсыз.

 

Үй шаруасын – ЖЕҢІЛДЕТУ

 

Бұл айдың соңғы күндеріндегі ең тиімсіз тірлік – үйіңізге тазалық жасау, яғни бір қолыңызбен төбені әктеп, бір жақтан кілем жуу. Негізінде, үйдің ауасын жаңартып, үйге мерекелік атмосфераны Рамазан айы кірмес бұрын жасауға тиіспіз. Егер дәл уақытында жасап үлгермей қалған болсаңыз, барынша жеңілін таңдаңыз: айт күнінің алдында үйді тазалап, мерекелік әшекейлер іліп қойыңыз.

 

Дүкенде кезекте – ТҰРМАУ

 

Айт күндері отбасымызды, жақындарымызды қуантуға асыққанды жақсы көреміз. Алайда, сыйлық аламын деп асыра сілтеудің қажеті шамалы. Ораза айты – бұл әдемі сыйлық беруден жарыс күні емес, қуанышты бөлісу, махаббатты жеткізудің бір жолы, мүмкіндігі. Берекелі дастархан, кішігірім естелік сыйлықтар, жайлы атмосфера меркені сезінуге таптырмас құрал болмақ.

Ысырап жасаудан– БАС ТАРТУ  

 

Мұсылман әйелдерге беретін тағы бір маңызды кеңес. Айт күніне екі-үш күн қалғанда, тіпті бір апта қалғанда азық-түлік тізімін жасауды бастаймыз. Бұл жақсы. Дегенмен, ең бастысы аспаздық шабытымыз шегінен шығып кетпеуін қадағалаған жөн.

 

Кешірім – СҰРАУ

 

Енді жан дүниеміз жайлы сөз қозғайық. Рамазан бойы кешірім сұрауым керек, туыстармен қарым-қатынасты жақсарту керек, отбасылық өміріме жылулықты қайтаруым керек деп ойлап жүрген боларсыз. Қасиетті айдың соңғы он күні осы ойлардың жүзеге асуына таптырмайтын сәт. Ата-анаңыздан, жолдасыңыздан, аға-бауыр, таныстарыңыздан, Жаратушыдан кешірім сұраңыз. Өзіңіз де сізді ашық әрі жасырын түрде ренжіткен жандар болса, кешіріңіз.

 

Мақсаттарды – ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

 

Рамазан айының басында алдыңызға мақсат қойғаныңыз белгілі: Құран оқуды бастау, нәпіл намаздар оқу, уәдеге берік болу, күнде ата-анаңызға хабарласу, т.б.

Егер Рамазан айында мақсатыңызға жетудің қадамын жасамаған болсаңыз, қасиетті айдың берекеті бізді тастап кетпей тұрып, соңғы он күнінде бастаңыз. Бір қадам жасар болсаңыз, Хақ Тағала мәреге жетуге жәрдем береді.

 

Дұға – ТІЛЕУ

 

Ең соңғы күнге дейін, сағатқа, тіпті минутқа дейін Алла Тағаладан жүрегімізді мазалаған уайымымызды жеңілдет деп, Өзіне апарар жолды көрсетуін, күнәмізді кешіріп, жақындарымызды жәннатпен сүйіншілеуін сұрауға тиіспіз.

Алла Тағала келесі Рамазанға аман-есен жетуімізді нәсіп етсін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *