Қазақстан Президенті «Astana Ютария Ltd» өндірістік-инновациялық компаниясына барды
Президент шығарылатын өнімдердің сапасы мен сұранысқа ие болуын оң бағалап, компанияның экспорттық әлеуетіне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мекеме қызметкерлерімен әңгімелесу барысында олардың еңбегінің еліміз үшін маңызды екенін айтты. Сондай-ақ ол мемлекеттің халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсететінін және осындай жандар үшін жұмыс орындарын ашатын мекемелерге әрқашан көмек беретінін атап өтті.
– Сіздердің фабрикаларыңызды үлкен қызығушылықпен аралап шықтым. Шын мәнінде, бұл қажетті әрі озық өнім шығаратын және жақсы жабдықталған әлеуметтік-жауапты кәсіпорын. Ең бастысы, мұнда сіздер сияқты ісмер адамдар жұмыс істейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мекеме қызметкерлері фабрикаға келгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, оның мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. Жалпы мекемеде 460 адам жұмыс істейді, соның ішінде 45-і халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жатады.
http://www.akorda.kz/kz/events/astana_kazakhstan/visits_to_objects/kazakstan-prezidenti-astana-yutariya-ltd-ondiristik-innovaciyalyk-kompaniyasyna-bardy