Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституция күнімен құттықтауы
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!
Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан.
Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады.
Келесі жылы Ата заңымыздың 25 жылдығын атап өтеміз. Осы кезең ішінде еліміздің басты заңы жасампаздық пен ілгерілеудің кепіліне айналды.
Қазақстан тұтас құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолына түсті. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Ұлт жоспары мен институционалдық реформалар соның негізін құрайды.
Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру.
Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді.
Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!