Бөгеттің бұзылуы: Өзбекстан Түркістан облысына көмектесуге келісті
Бөгеттің бұзылуы: Өзбекстан Түркістан облысына көмектесуге келісті
© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской области
Өзбекстанда су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының оннан астам елді мекенін су басты
Өзбекстан Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы барлық коллекторды тазалауға көмектеседі. Тек оларға шекарадан техникамен кіруге жағдай жасау керек. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Кеше біз Өзбекстанға барып, орталық коллекторды аралап шықтық. Қауіпті деген жерлердің бәрін қарадық. Соның ішінде Қоғалы елді мекенінің маңынан тағы да қосымша каналдар ұйымдастыруды ұйғардық. Жағдай тұрақтанғаннан кейін олар өз техникасымен кіріп, біздің бүкіл коллекторды тазалауға көмектесетініне келісім алып келдік. Біз тек шекарадан өтуге мүмкіндік беруіміз керек», — деді Шөкеев үкімет отырысында.
Айтуынша, Мақтаарал ауданындағы елді мекендерге жерасты суы жақын орналасқан, сондықтан су ұзақ уақыт жатып қалуы мүмкін.
«Сол себепті елді мекендердің айналасынан үлкен арықтар қазып, суды сорғыту үшін техника қажет болады. Осыған орай экология министрлігімен бірігіп, республика өңірлерінен мотопомпа, сорғыларды алдыру керек болады», — деді әкім үкімет басшысына.
Қазір елді мекендерді су басуының алдын алу үшін Нұрлы жол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде бөгет салынып, Мырзакент бағытында Фирдоуси елді мекені аумағында коллектор орнатылды.
Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданының аумағынан ағын суды тез арада шығару үшін Өзбекстан тарапынан Жетісай ауданы Қоғалы елді мекенінің маңынан Орталық Бетпақдала коллекторы арқылы автожол көпірін айналып өтетін канал қазылған.
Өзбекстанда су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданының оннан астам елді мекенін су басты.
14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды. Жеті елді мекенде су басу қаупі әлі жоғары. Ал Мырзакент және Ақжолда қауіп сейіліп, тұрғындар үйіне оралған.
Алдын ала есептеулер бойынша 845 тұрғын үйді, 3 мектепті, 5 балабақшаны, 4 медицина нысанын, бір мәдениет үйі мен он дүкенді су басты.
Жеңіс ауылындағы көпір, республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар 54,7 шақырым автожол су астында қалды. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік жерге де зиян келген.
Мал шығыны да нақтыланып жатыр.
Премьер министр Асқар Мамин төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
https://sputniknews.kz/regions/20200505/13896782/boget-ozbekstan-turkistan.html