Облыс аумағында 5 мыңнан астам қару иелері тексерілді
2018 жылдың 30 шілдесі мен 2 тамыз аралығында Түркістан облысы аумағында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайдыТүркістан облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы.
Іс-шараны өткізудің мақсаты — облыс аумағында қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жару қондырғыларын заңсыз дайындау және заңсыз айналымымен айналысатын тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау, отты атыс қарумен және жарылғыш қопарғыш заттармен жасалатын қылмыстардың алдын-алу, ескерту және оларды ашу болып табылады. Іс-шара барысында заңсыз айналымнан 9 бірлік қару алынды. 13 бірлік заңсыз сақтаудағы қару ерікті тапсырылған.
Облыс аумағында 5 мыңнан астам қару иелері тексеріліп, оларда 204 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. 2018 жылғы 2 тамыз күні «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Сайрам АІІБ тәртіп сақшылары жергілікті жердің тұрғыны өз үйінде заңсыз тегіс мылтық сақтағанын анықтады.
Қазіргі таңда аталған жайт бойынша «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері заңсыз сақталған атыс қаруларын ерікті түрде өткізген жағдайда әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді.