Мақтааралда өткен сенбілікке 5 мыңнан астам адам қатысты
Мақтааралда аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен басталған сенбілік бүгін жалғасын тапты. Аудандағы әрбір үйге хабарлама беру мен үгіт-насихаттың арқасында барынша ауқымы кеңейген сенбілікке 5 мыңнан аса адам қатысты.
Өңір басшысы Б.Асанов тазалық жұмысының барысымен танысу үшін аудан орталығын арнайы аралап көрді. Кенттегі С.Қожанов көшесіндегі бордюрлердің топырағын тегістеу жұмысына қатысып, жұмысшыларға қолғабыс жасады. Сондай-ақ, сенбілік барысында орталық көшелердегі тозған билбордтарды дереу жаңартып, кәсіпкерлер тарапынан бейресми ілінген жарнамалық баннерлерді алып тастау үшін кент әкімдігіне тапсырма берді.
«Мырзакент кенті әу баста үлкен архитектуралық жоспармен салынған. Орталық көшелердегі бордюрлерге алдағы уақытта гүлдер егіліп, жайқалып тұратын болады. Ол үшін Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында гүл көшетін өсіретін кәсіпкерлермен келісім жасалу үстінде» — деді Бақыт Нәсірханұлы.
Аудан әкімі Достық каналының оң жағалауындағы кәсіпкерлік нысандардың тазалығымен де танысты. Санитарлық жағдайы сын көтермейтін кейбір нысанның басшыларына ескерту жасап, аудан орталығы болған кентте әрбір мекеме таза тұруы керектігін түсіндірді.
Айта кетейік, бүгінде жаңадан құрылған Мақтаарал ауданы әкімдігі екінші рет жапппай сенбілікті ұйымдастырып отыр. Мемлекеттік қызметкерлерден бастап, білім, спорт, денсаулық сақтау мекемелерінің, жекеменшік мекемелердің қызметкерлері белсене қатысқан тазалық шарасында көптеген жол жиектері қоқыстан тазаланды.
Аудан көлемінде өткен сенбілікке 2 кент, 9 ауылдық округтен 5 мыңнан аса адам және 30-дан аса техника қатысып, 410 тонна ретсіз күл-қоқыс шығарылды. 48 шақырым көшенің бойлары, 12 шақырым аяқжолдар тазаланып, ретке келтірілді. Одан бөлек, көпқабатты үйлердің аумақтары мен кіреберістері, 1431 шаршы метр үй іргелік аулалары ретке келтірілсе, 903 шақырымды құрайтын ирригациялық жүйелер қоқыстан арылды.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі