Түлкібас ауданында 700-ге тарта тұрғынға үй салатын жер телімі беріледі
Түлкібас ауданында 700-ге тарта тұрғынға үй салатын жер телімі беріледі
Түркістан облысы Түлкібас ауданында үй іргелік жер кезегінде тұрған 700-ге тарта тұрғынның өтініші қанағаттандырылатын болды. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтың өткен жылғы есебінде айтылған жергілікті халықтың өтініші осылай шешімін табуда, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, жыл санап халық саны артып келе жатқан Түлкібас ауданында тұрғындар тарапынан көтеріліп жатқан әрбір мәселе назардан тыс қалған жоқ. Аудан басшысы халыққа жер беру бойынша құжаттарды дайындау мен басқа да тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырған болатын. Оған сәйкес биылдан бастап кезең-кезеңімен жеке үй құрылысын жүргізуге жер телімін алу туралы өтініштер қаралды. Бұл жұмыстар Балықты ауылы және Түлкібас пен Састөбе кенттерінен басталмақ.
Атап айтқанда Балықты ауылының тұрғындарына — 53,8 га, түлкібастықтарға — 34,6 га, Састөбе кентінен — 54,6 га жер телімі бөлініп, онда инфрақұрылым тартылады. Жүйелі жұмыстардың арқасында бұл елдімекендерде жер кезегінде тұрған 673 азаматқа жер телімі беріледі. Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта кезең-кезенімен іске асады деп жоспарланып отыр.