Мемлекет басшысы Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесу өткізді Германия, Мюнхен қаласы

Мемлекет басшысы Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесу өткізді
Германия, Мюнхен қаласы
Қасым-Жомарт Тоқаев  қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясында Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесіп, келіссөз жүргізді.

Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Джастин Трюдоға ілтипат білдіріп, экономика, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы және технология салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

– Біз Канадамен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ынтымақтастығымыздың қазіргі деңгейін жоғары бағалаймыз. Елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықтың аясын одан әрі кеңейте түсеміз деп үміттенеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы уран саласындағы канадалық «Cameco» компаниясының жұмысына оң баға беріп, Канада бизнесіне қажетті барлық жағдайды жасауды жалғастыра беруге дайын екенін растады.

Джастин Трюдо кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, екі мемлекет арасындағы көпжылдық достық пен серіктестікке тоқталды.

– Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықта көптеген ортақтық бар. Біз энергетика саласындағы бірқатар жоба бойынша ықпалдастық орнаттық. Кооперацияларымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз, – деді Канаданың Премьер-Министрі.

Канада үкіметінің басшысы саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Президентінің күш-жігерін жоғары бағалап, азаматтық қоғам мен демократияны дамыту саласына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джастин Трюдо бір-бірін өзара сапар алмасуға шақырды.

https://www.akorda.kz/kz/events/international_community/foreign_visits/memleket-basshysy-kanadanyn-premer-ministri-dzhastin-tryudomen-kezdesu-otkizdi

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *