Чугуевтік ұшқыштар Шымкентте шыңдалған
Ф: КОЖЕДУБ П: ҒАБИТ М
Чугуевтік ұшқыштар
Шымкентте шыңдалған
Екінші дүниежүзілік соғыста аға ұрпақ өз анттарына адал болып, сол тұстағы ортақ отанымызды қорғау үшін ерлік көрсеткені анық. Ол үшін біз қашан да мақтануымыз керек және сол игі істерден үлгі алғанымыз жөн. Біз бүгін осындай бір ерекше жайтқа тоқталмақпыз. Ол майдан даласынан мыңдаған шақырым алыста жатқан шырайлы мекен –Шымкент қаласының соғыс жағдайындағы тіршілігі болмақ.
Ия, Шымкент майдан даласынан мыңдаған шақырым қашықтықта жатса да мамыражай мекен әп-сәтте соғыс жағдайындағы қалаға айналды. Одан бөлек жау басып алған аймақтан түрлі зауыттар мен фабрикалар көшіріліп, олардың жұмысшылары және тұрғындары Шымкентке қоныс аударды. Солардың ішінде Украинаның Харьков облысында орналасқан әйгілі Чугуев атындағы ұшқыштар мектебі де Қорғаныс комитетінің 1941 жылғы 16 қыркүйектегі бұйрығы бойынша Шымкентке көшірілді. Мақсат, әрине белгілі. Өйткені, майданға ұшқыштар даярлау керек. Шұғыл бұйрық алған әскери ұшқыштар Харьков-Балашов-КрасныйКут-Орал-Ақтөбе бағыты бойынша Шығысқа қарай жөңкіле бастайды.
Ал Ақтөбеден алғашқы жеті ұшақтан тұратын топты Шымкентке мектеп бастығы, комбриг И.Е.Богословтың өзі бастап ұшып келеді. Ал бірнеше составқа артылған жүкпен бірге ұшқыштар мен олардың отбасы мүшелері бар жалпы саны екі жарым мыңнан астам адам 28 күн дегенде Шымкентке жетеді. Жергілікті билік ұшқыштар мен курсанттарға арнап қаладағы Луначарский мен Долорес және Чернышевский көшелерінен арнайы ғимараттар босатып, орналастырады. Ал көшіп келген мектеп базасы Шымкент қаласы бойынша 150 шақырымдық радиуста орналасып, кездескен қиындықтарға қарамай оқу-жаттығу сабақтарын бастап кетеді. Уақыт қазан айы болса да Оңтүстіктің ыстығы қайтпаған мезгіл. Мұнда жеткізілген 300 ұшаққа да, ұшқыштарға да ең ауыр тигені ауа райы болды. Өйткені, күн тым ыстық. Оның үстіне арнайы ұшып-қонатын жолақ та жоқ. Бәрі шаң-топырақ. Міне, мұның бәрі ұшақ моторларының жиі істен шығуына әкеледі. Әйтсе де ұшқыштар мен техниктер бәрінеңсеріп, қысқа мерзім ішінде, яғни, жыл соңына дейін Шымкент аспанында 680 әскери ұшқыш даярлап, майданға аттандырады. Ал инструкторлар мен курсанттар күнделікті ұшу-жаттығу жұмыстарынан бөлек жергілікті колхозшыларға да жәрдемдесіп, өздері де қысқы маусымға қамданады. Міне, Чугуев ұшқыштар мектебінің тарихи әрі даңқты жолы Шымкентте осылай басталады.
Мұхтар АТАБЕК, журналист, Мәдениет қайраткері
Шымкент қаласы