Біз әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импортына тәуелділіктен арылуымыз қажет — А. Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа тәсілдері қаралды. 

Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, агробизнес өкілдері И.Сауэр, А.Рафальский и А.Ходжаназаров, Алматы облысының әкімі А.Баталов және Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндама жасады.

АӨК саласында жалпы көлемі 4,4 трлн теңге болатын 113 инвестициялық жоба пысықталу және іске асырылу үстінде. 2024 жылға қарай елдің құс етіне (49%-ы импортталады), шұжық өнімдеріне (39%), ірімшік пен сыр өнімдеріне (46,5%), алма (31,5%) мен қантқа (57,3%) қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын, құс фабрикаларын, алма бақтарын ашу, қант зауыттарын салу және жаңғырту жоспарланған.

Осы уақытқа дейін мемлекет АӨК-ті жалпы көлемі 292 млрд теңге болатын 47 субсидия түрімен қолдады, олар негізінен ауыл шаруашылығы өндірісінің табыстылығын қолдауға бағытталды. Аграрлық саланың сапалы дамуын ынталандыру мақсатында 2020 жылдан бастап АӨК-тің экспорттық әлеуетін арттыруға және импорт алмастыруға бағдарланған бірқатар тиімсіз субсидиялар алынып тасталады, жаңалары енгізіледі.

Жаңашылдықтар 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамытудың осыған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламасына сай келеді. Субсидиялар тұқымдарға, тыңайтқыштар мен пестицидтерге бөлінеді. Сонымен қатар, аграрлық саладағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды субсидиялау енгізіледі. Өзгерістер сонымен қатар тауарлық-арнайы және инвестициялық сусбидиялар тобына қатысты болады.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев және Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, агроөнеркәсіп кешенің дамыту экономиканы әртараптандырудың маңызды факторы болып табылады. Біздің алдымызға агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру міндеті қойылған», — деді А.Мамин.

Үкімет басшысы импортқа тәуелділікті азайту мақсатында ішкі өндірісті ұлғайту — ауыл шаруашылығын дамыту басымдықтарының бірі болып белгіленгенін атап өтті.

«Жоспарланған шаралардың арқасында алдағы 3-5 жыл ішінде республиканың импортқа деген тәуелділігін жойып, елімізді барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлармен толық қамтамасыз етуіміз қажет», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр АӨК-тің субсидиялау бойынша берешегін жою шараларын қабылдауды тапсырды.

https://primeminister.kz/kz/news/my-dolzhny-isklyuchit-zavisimost-ot-importa-socialno-znachimyh-produktov-pitaniya-a-mamin

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *