Агроөнеркәсіп кешені мәселелері туралы заң қабылданды
Агроөнеркәсіп кешені мәселелері туралы заң қабылданды
Заң жобасындағы негізгі түзетулер мынадай ережелерді көздейді: ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін босалқы жерге ауыстыру жағдайларын шектеу; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұтымды пайдаланылуын бақылау жасау тетігін жетілдіру; мемлекеттік шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктердің қатысуы бар қазақстандық заңды тұлғаларға беруге тыйым салуды енгізу.
Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі саласындағы браконьерлік мәселелері бойынша әкімшілік және қылмыстық заңнаманың ережелері қатаяды.
Сақтандыру саласында агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру жүйесін жаңғырту және сақтандыру үдерістерін автоматтандыру жөнінде ережелер енгізілді.
Ветеринария және фитосанитария саласында осы саланың жұмыс істеу тиімділігін арттыру мақсатында: ветеринария, карантиндік фитосанитарлық бақылау жүйесін жетілдіру жөніндегі; ветеринария саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын әкімдіктерден уәкілетті органның ведомствосына қайтару және жергілікті атқарушы органдардың сатылас ветеринариялық қызметін құру жөніндегі; ветеринария саласындағы лицензияларды тоқтата тұру, жаңарту, айыру туралы және тағы басқа түзетулер қарастырылады.
Сенат басшысы ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлау және оқу орнын бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріне назар аударды. Бұл мәселе Дариға Назарбаеваның Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына жасаған жұмыс сапары кезінде көтерілген болатын. Төраға бұл мәселелермен тек мемлекеттік органдар ғана емес, жұмыс берушілер де айналысуы тиіс екенін атап өтті. Олар жас мамандарды жақсы жағдай жасап, жұмысқа белсенді түрде тартулары керек.