NUR OTAN: Республикалық жұмыс тобы Шымкентте
NUR OTAN: Республикалық жұмыс тобы Шымкентте
Шымкентте Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды жинау мен зерделеу мәселелері жөніндегі көшпелі сараптамалық топтың жұмысы басталды.
Республикалық кеңестің жұмыс тобы мүшелерінің отырысына қала әкімінің орынбасары Ербол Садыр, Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов, қалалық басқарма басшылары, Кеңес мүшелері қатысты. Жиында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ішкі істер басқармаларының есептері тыңдалып, қаладағы балалардың жағдайы туралы статистикалық мәліметтер және балалар мен отбасыларды қолдау бойынша іске асырылатын жобалар талқыға түсті.
— Республикалық жұмыс тобының үшінші отырысы өтуде. Біз нақты ұсыныстарды дайындап, сараптауымыз керек. Мәселен, қалада оңалту орталықтары жетіспейді. Оңалту орталықтарында мамандар да тапшы. Алда мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік орындарды ашу керек екенін бағамдап отырмыз. Жалпы отырыста осындай нақты ұсыныстар айтылуы керек, — деді Бахадыр Мәделіұлы.
Nur Otan партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы Шымкент қаласында 10 мен 11 қазан аралығында жұмыс істейді. Жұмыс тобы сапар барысында «Бақытты отбасы» партиялық жобасымен танысып, қаладағы балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметі бағаланбақ.
Сондай-ақ, әлеуметтік- медициналық орталықтардың тыныс-тіршілігімен танысу, балалар ойын алаңшасының ашылуы, әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтардың жұмысымен танысу жоспарланған.