ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖҮКТІ ӘЙЕЛДІЖОЛДА БОСАНДЫРЫП АЛДЫ
Кентаулық полицейлер жүкті әйелді жолда босандырып алды. Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторларына қойшы хабарласып, әйелін толғақ қысып жатқанын айтқан. Шұғыл қимылдаған тәртіп сақшылары полиция майоры Нұрбол Темірханұлы мен полиция капитаны Бақтыбай Қалабаев жедел-жәрдемді күтпей аяғы ауыр әйелді ауруханаға жеткізуге асыққан.
Полицейлер ауылдан 50 шақырым жердегі қойшы ауылға тездетіп жеткен. Толғағы келіп қысылып жатқан Раковица Виолеттаны қызметтік көліктеріне салып алып шыққан. Жолай ауыл фельдшерін де мінгізіп алған. Сүйтіп, қалалық орталық емханаға бет алады. Алайда азаматшаны полицейлер мен фельдшер жол үстінде босандырып алады. Көп ұзамай жедел-жәрдем бригадасы келіп, жаңа туған сәби мен ананы Түркістан қаласындағы перзентханаға жеткізді. Бүгінде ана мен баланың жағдайы жақсы. Үйлеріне шықты. Өлім мен өмір арасында болған әйел барлық жақсылығы үшін полицейлерге ыстық ықыласын білдірді.