Елордада «Қазақтың ұлттық мұрасы» байқауы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Достық үйінде қалалық ҚХА ұйымдастыруымен «Қазақтың ұлттық мұрасы» атты байқау өткізілді.
Іс-шара мақсаты-мемлекеттік тілді үйрету арқылы төл мәдениетіміздің танымалдығын арттыру, елорда этномәдени бірлестіктерін халқымыздың салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен етене таныстыру және оны көпшіліктің жетік білулеріне мүмкіндік жасау.
Байқауға елорда этномәдени бірлестіктері, ҚХА жастары, Нұр-Сұлтан қаласының Аналар кеңесі қатысты. Олар байқаудың үш шарты бойынша, қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке жітік таныстыруы, қазақ халқының ұлттық аспаптарында шебер ойнай білуі және қазақ ақындары мен жазушыларының туындарыларын мүдірмей оқып беруі әрі оны шебер орындауы қажет болды.
«Вайнах»шешен-ингуш этномәдени орталығы ұлттық дәстүріміздің құндылықтарының бірі- «Қыз ұзату» салтын көрсетілім арқылы көпшілікке таныстырды. Осыған байланысты тойдың негізгі қонақтары-құда-құдағилар қарсы алынып, шашу шашылды. Бұл бойынша негізгі дәстүрлер жасалып, шынайы «Ақ жол» тілеген төсеніш арқылы қалыңдықты өз босағасынан шығарып салды.
«Радима» беларусь этномәдени орталығының қатысушылары көрермендерге келін түскенде арнайы жасалатын «Беташар» дәстүрін таныстырды. Беташар рәсімін өткізуге сөзге шебер, сурып салма ақындығы бар жыршы жігіт шақырылып, келіннің бетін ашу үшін «Беташар» жыры орындалды. Осы жыр арқылы отбасы құндылығы дәріптеліп, оның әрбір сәті маңызды екеніне басымдық берілді.
Көпшілікке «Қыз жасауы» дәстүрін Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесі таныстырды. Олар жасау үшін берілетін киім-кешектердің әрқайсысы маңызын және ежелден келе жатқан «6 жастан жинасаң артылады, 7 жастан жинасаң жетеді» деген нақыл сөз түп-төркінін түсіндірді.
«Сонымен, байқау шартының «қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке жітік таныстыру» атты аталымына сәйкес, I орынды «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының филиалы», II орынды «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы, ал III орынды «Лад» республикалық славян қозғалысының Астаналық филиалы» иеленді. Байқау шартының «қазақ халқының ұлттық аспаптарында шебер ойнай білу» атты аталымында I орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы,I орынды «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі,III орынды «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі жеңіп алды. Байқау шарты бойынша үшінші кезеңдегі «қазақ ақындары мен жазушыларының туындарыларын мүдірмей оқып беру және оны шебер орындау» атты аталым бойынша, I орынды «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының астаналық филиалы, II орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы»,III орынды «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы жеңіп алды», — делінген таратылған ақпаратта.