Шарль де Гольдің «Қарсылық қозғалысына» қатысқан «Малыш» лақап атты партизан – Қабыш Омаров

Шарль де Гольдің «Қарсылық қозғалысына» қатысқан «Малыш» лақап атты партизан – Қабыш Омаров

Шарль де Гольдің «Қарсылық қозғалысына» қатысқан «Малыш» лақап атты партизан – Қабыш Омаров

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтың ержүрек ұлдары жанын шүберекке түйіп, бүгін біз 75 жылдығын тойлап жатқан Жеңістің жетуіне өлшеусіз үлес қосты. Соның бірі – ұлы Абайдың туған жерінде дүние есігін ашқан, француз қарсылық қозғалысының мүшесі, партизан, спорт шебері Қабыш Омаров. Оның майдан даласы мен соғыстан кейінгі өнегелі өмірі жайлы жиені Ерлан Ықыласовпен әңгімелескен едік. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те кезінде ұстазы болған майдангер жайлы естелігімен қуана-қуана бөлісті.

«Нағашы атам Қабыш Омарұлы Омаров 1919 жылы 15 мамырда Шыңғыстауда, бұрынғы Семей облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген» деп бастады әңгімесін Ерлан Ықыласов. Әке-шешесі репрессия құрбаны болып, Қабыш тағдыр тауқыметін ертеден тартыпты. Ағайынды тоғыз баладан тірі қалған әпкесі Бакизат екеуі әр жердегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Қабыш 1939 жылы орта мектепті бітіріп, Ленинградтағы әскери радистер училищесін аяқтайды. Ізінше Шығыс Пруссия шекарасындағы қорғаныс шебінде взвод командирі міндетінде жүрген кезде – 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталып кеткен.

«1941 жылдың 30 маусымында жау әскерінің шекараны кесіп өткеніне он күн болған еді. Негізгі әскерден оқшауланып қалған бір топ жауынгер қалың орманда бой тасалап жатты. Өзара ақылдаса келіп, қалайда ілгері қимылдап, негізгі әскер күшіне қосылуымыз қажет дескен олар шама келгенше жаумен тікелей беттеспей, кездесіп қалса шағын топтарын жойып, қаруланып алуға келіседі. Кенет жау снарядтарының зуылдаған үні естіліп, қашықтан зіркілдеген зеңбірек даусы үдей түседі. Нағашы атам қасындағы солдатпен жарылған жау снарядының апанына түсе бергенде оң аяғынан ауыр балға соққандай сезініп, көзі қарауытып кетіпті. Қанша уақыт өткені белгісіз… Еміс-еміс есі кіргенде оң аяғын қатты ауырсынып, қозғай алмай жатқанын айтып отыратын», — дейді Ерлан Ықыласов атасының айтқан әңгімесін еске түсіре отырып.

Қасында жан ұшырған сарбаз Қабыштың аяғын байлап әлек. Құлағына әлденені қайталап айғайлайды. «Жолдас лейтенант, біз қоршауда қалдық. Жау келіп қалды…» Қаруына ұмтылғанымен, денесі ауырлап кеткендей әрекетінен ештеңе шықпапты Қабыштың. Қайтара есінен танып қалған ол көзін ашқанда немістің бірі жер таянып тұра алмай жатқан жаралы орыс солдатын атып тастаған екен. Тапаншасын кезенген неміс офицерімен 3-4 солдат бұлардың тұсына келіп, «Ауф штейн! Шнел, шнел» деп төніп тұр еді. Жау әскерінің «Түрегел, жылдам» деген сөзін ұққан Қабыш қасындағы солдаттың сүйемелдеуімен көтеріле берді.

Қабыштың жаралы екенін көрген екі неміс солдаты офицердің бұйрығымен көтеріп, жүк көлігінің бортына лақтыра салады. Басы айналып, талып қалған Қабыш концлагерьге осылай түскен.

Концлагерьден қашу

Лагерьде жаралы Қабыш тұтқын дәрігердің көмегімен аяғына тік тұрады. Бір ажалдан аман қалғаны анық еді. Екі айдан соң Германияның батыс бөлігіндегі Хамельбургтегі концлагерьге жеткізіліп, көп өтпей іріктелген жүз адаммен Бусенс қаласына жеткізіледі.

«Оңтүстік Францияның бұл қаласының маңында су электрстанциясы мен химия зауытының ауыр жұмысын атқаратын тұтқындар барагы болған. Барактың бір бөлігінде Франция майданында ұсталғандар жатады екен. Француздар бөлек барақта жатқанымен жұмыста араласып жүреді. Француздардың Совет одағына деген пейілі тәуір екені байқалады. Советтік тұтқындарға мейлінше құрметпен қарап, көмектесуге тырысатын ыңғайы анық сезіледі. Француздардың ішінде Қабыш Петр Иванов деген жігітпен танысады», — деп әңгімесін жалғастырды Ерлан Ықыласов.

Қабыш Омаров

Петрдің арқасында Қабыш Тулуза қаласындағы коммунистік партия комитетінің мүшесі Рожемен танысып, бір топ тұтқынмен концлагерьден қашып шығып француздардың Қарсылық қозғалысына (фр. Résistance) қосылады.

Осылайша арнайы білімі бар, соғыс қимылының тактикалық амал-әдісін жіті білетін совет офицері жасақ мүшелерін шабуыл жасау, қорғану әдістеріне үйретеді. Жарылғыш заттарды қолданудың білгір маманы Н.Рыбаков бірнеше адамды өз мамандығы бойынша оқытып, үйретуге кіріскен болатын.

Қазақ аты – Қабыш, лақап аты – Малыш

Француздардың Шарль де Голь бастаған Қарсылық қозғалысының мүшелері бастапқыда жасаққа жаңадан қосылған Қабыштарға қару беріп арнайы жорыққа шығаруға асыға қоймапты. «Қолымызға қару бермегені — әлі де сенбегені болар» деп ойлайды Қабыш. Бір күні жасаққа орман ішіндегі шағын ауылда немістердің арақ ішіп отырғаны жөнінде хабар жетеді. Немістердің ішкі жағдайы жөнінде хабар ала алмай жүрген жасақшыларға тіл алу үшін бұл қолайлы сәтті құр жібермеу керек еді.

Командир «Кім өз еркімен барады?» деп сұрағанда Қабыш «мен» деп топтан сытылып, ортаға шығыпты.

Ақылдаса қимылдаған партизандар шабуылды ойдағыдай аяқтап, алдағы қимылдарға бағыт-бағдар жасауға негіз болатын тіл әкеледі. Қабыштың батылдығын жорықта бірге болған француз жолдастары командирге жеткізіп, осыдан бастап Қабышқа деген сенім нық бекіген.

Соғыстың соңғы күніне дейін оңтүстік Францияның Тулуза, Санжерон, Бусенс қалаларын неміс фашистерінен тазартып, талай партизандық операцияны ұйымдастырған «Рокер» ротасының командирі, партизандық лақап аты Малыш пен Констанк – Қабыш Омаров Францияның Даңқ Крест орденін алып, екі жауынгерлік медалін иеленіп елге оралады.

Бейбіт күндегі ерлігі

Қабышқа туған елге оралғаннан кейін талай тергеуден өтуіне тура келеді. Ақыры ол сынақтан да құтылып, ұзақ жыл бойы облыстық спорт комитетінде жауапты қызмет еткен. 1964-1981 жылдары «Қайрат» облыстық ерікті спорт қоғамының төрағасы болып абыройлы еңбек етеді.

Әйгілі партизандардың Жарма өңірінде бас қосқан сәті. Солдан оңға қарай: Югославия партизаны – Өлмес Қасымов, Украина партизаны – Қасым Қайсенов, Франция партизаны – Қабыш Омаров

Осы уақытта елуден артық спорт шеберін тәрбиелеп шығарады. Олардың ішінде Ж.Үшкемпіров, Д.Тұрлыханов, Қ.Қосанов, М.Оразбеков, Б.Мәнкенов т.б. көптеген әлемге әйгілі қазақтың, республиканың, облыстың мақтаныштары да бар.

Қабыш Омаров бірнеше дүркін Республикалық, Бүкілодақтық спорт комитетінің құрамына сайланып, «Кеңестер Одағының дене шынықтыру ісінің үздігі», Бүкілодақтық құрмет кітабына есімі жазылған ардагер атанды.

Әйгілі партизан Қабыш Омаров 2009 жылы өмірден озған.

Жақсылық Үшкемпіровтің естелігінен…

«Мен Семейдегі зооветинститутта оқып жүрген кезімде «Қайрат» ерікті спорт қоғамында болдым. Қабыш Омарұлы – сол қоғамның төрағасы еді. Сол кезде ол маған көп көмектесті. Адамгершілігі мол ағам еді. Ағалық қасиетін, данышпандығын ерекше мойындаймын. Адуынды азамат болатын. Шындықты басып айтатын. Ол кезде спорттағы жетістіктеріме байланысты маған деген құрметі мен назары ерекше болды», — деп еске алады Қабыш Омарұлын Жақсылық Үшкемпіров.

Жақсылық Үшкемпіров сол кездегі бір оқиғаны ерекше жүрегінде сақтап қалыпты. Себебі өміріне үлкен ықпалын тигізген шешімін қабылдарда болашақ Олимпиада чемпионы Қабыш Омарұлымен ақылдасқан екен.

«1972 жылы Семейде оқып жүрген маған Украинадағы ауыл шаруашылығы академиясынан ұсыныс келіп түсті. Ол жақтан «сені оқуға түсіріп, үй алып береміз, Олимпиадаға да біз жақтан барасың, алтын медаль аласың» деп әкетіп барады. Ұтымды ұсыныс ойландырып тастады. Жас едім қанша дегенмен. Ақыл сұрап Қабыш Омарұлына бардым. Төртпақ келген кісі еді. Бір аяғын сылтып басатын. «Аға, үлкенді аттап өтпеген қазақпыз. Осындай ұсыныс келді. Қалай ойлайсыз?» дедім ғой баяғы. Қабыш ағам аздап қабағын түйіп қарап тұрды да «анау айнаға қарашы» деді. Айнаға қарап тұрдым. «Сен кімсің өзі» деп сұрақ қойды. «Азаматпын!» дедім. Үндемеді. «Қазақпын!» дедім қайтара. «Міне!» деді осы кезде Қабыш аға «Қазақ болсаң айдалада нең бар? Олимпиада чемпионы болам десең, бұл жақтан да шығасың! Бөтен жерге барып, чемпионы болмай-ақ қой» деп жігерлендіріп, айтып-айтып жіберді. Сол кездегі ағамның бір-ақ ауыз сөзі ғой. Аузының дуасы бар — айтқаны орындалды», — деп еске алады ескі күнді Жақсылық Үшкемпіров.

Қабыш Омаров бір топ спортшылардың ортасында. Солдан оңға қарай. Қабыш Омаров, Жақсылық Үшкемпіров, Намазбек Сайдамаров. Жақсылық Үшкемпіров Қабыш ағасының ақылы ешқашан есінен кетпейтінін айтады. «Турнирлерде ортаға алып шығып, қолымнан ұстап, айқайлап тұрып мені мақтан ететін еді. Ағамның жақсылығын қайдан ұмытайын. Зілді көрінгенімен, керемет ақкөңіл адам еді ғой. Қабыш ағамды ешқашан ұмытпаймын», — деп түйді Жақсылық Үшкемпіров.

https://www.inform.kz/kz/sharl-de-gol-din-karsylyk-kozgalysyna-katyskan-malysh-lakap-atty-partizan-kabysh-omarov_a3647646

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *