«Бұл өте маңызды деп санаймын»: Бекболат Тілеухан ұрығын сататындар туралы

Депутат бір донордың ұрығын екі адамнан артыққа қолданбауды және барынша ашықтықты сақтауды қатаң түрде реттеу керек деп санайды

 Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Қазақстан бойынша аталық және аналық ұрықтың бірыңғай базасын құруды және бір реттен артық донор болуға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісмен премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында ұрық доноры проблемасын көтерді.

«Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам анонимді түрде донор бола алады. Дені сау, дене бітімі қалыпты дамыған, генетикалық сараптамасы жақсы болса, аталық ұрығын тапсыра алады. Қанша рет тапсырасыз өз еркіңіз. Шектеу жоқ. Анкетада жүзі, руы, бойы, салмағы, мамандығы көрсетіледі, болды. Каталогтан көңіліңізге қонғанын таңдап аласыз, бітті», – дейді ол.

Айтуынша, статистика бойынша жыл сайын тек бір ғана клиникада дәл осы жолмен 70 бала дүниеге келеді.

«Бұл – ертең еліміздің түкпір-түкпіріндегі 20 отбасыда бір әкеден тарайтын 20 ұл-қыз бойжетіп, ержетіп шығады деген сөз. Одан көп болуы да мүмкін. Бір әкеден тараған жандардың бір-біріне үйленуінің алдын алу үшін, ауру балалардың санын азайту үшін бұл мәселе өте маңызды деп ойлаймын», – деді депутат.

Осыған байланысты Бекболат Тілеухан болашақ ұрпақтың денсаулығын  сақтау мақсатында Қазақстан бойынша аталық және аналық ұрықтың жалғыз бір базасын құруды ұсынды. Айтуынша, донорлар да тек сол орталыққа тапсырып, барлығы тек сол орталықтан ғана алып отыруы қажет.

 Бұдан бөлек, депутат бір реттен артық донор болуға рұқсат етпеу керек деп санайды. Сонымен қатар бір донордың ұрығын екі адамнан артыққа қолданбауды, барынша ашықтықты сақтауды қатаң түрде реттеуді ұсынды.

https://sputnik.kz/society/20210414/16790646/Bekbolat-Tileukhan-urygyn-satatyndar.html

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *