ЕРЛАН АЙТАХАНОВ: «ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚ ТҰТЫНАТЫН ТАУАРЛАР ӨНДІРІСІН ҰЛҒАЙТУ ҚАЖЕТ»
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы бүгін қаладағы «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтары мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысып, онда орналасқан бірқатар өндіріс ошақтарында болды. Сонымен қатар, жаңадан құрылып жатқан «Жұлдыз» және «Агро-индустриалды» аймақтардың алдағы даму жоспарын талқылады.
Аймақтардың жұмысымен танысу барысында қала әкімі алдағы уақытта қосымша инвестиция тарту, тың жобаларды игеру және осында қолға алынған жобалар мен «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жайына ерекше тоқталды.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласында сәтті жұмыс жасап келе жатқан «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялды аймақтарда 114,6 млрд. теңге болатын 121 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 121 жобаның 67 жобасы іске асырылып, 4,5 мың жұмыс орны құрылған. Ал, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бүгінгі күнге инвестициялық сомасы 29,5 млрд. теңгені құрайтын жалпы 13 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 1560 жаңа жұмыс орны ашылған.
Өнеркәсіптік өндіріс көлемін арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Ерлан Айтаханов индустриялық-инновциялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бүгінде өнімдерін экспортқа шығарып отырған бірқатар кәсіпорындарға барды.
Жалпы сегіз айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 359,6 млрд. теңгені құрап, 20,3 пайызға артқан.
Халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіптің рөлі басым екенін айтқан қала басшысы жергілікті тұрғындардың, әсіресе, әйелдердің арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, әкім халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейтуді, оның ішінде шығарылатын өнім көлемі мен құнына баса назар аударуды тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі