«Көрмегенім жоқ»: тойда таяқ жеген әнші оқиғаның қалай болғанын айтты

«Көрмегенім жоқ»: тойда таяқ жеген әнші оқиғаның қалай болғанын айтты (ВИДЕО)

Домашнее насилие, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.09.2025
Түркістан облысындағы Зағамбар ауылында тойда ән айтып тұрған әншіні ер адам ұрып құлатты. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Таяқ жеген әнші Азода Тұрсынмұрадова оқиғаның қалай болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Оқиға 31 тамыз кешкі уақытта болған.
«Қасыма ер адамның қалай келіп қалғанын байқамадым. Адамдар билеп, қарбалас болып жатқан. Ол мені соққанда әкімші маған қарай жүгіріп келді, құлап түсіп, орнымнан тұра алмай қалдым. Ағам көмекке келейін деп еді, оны сол тойдағылар ұстап алды. Мен құлаған жерімде біраз жатып қалдым», — дейді ол.
Осы сәтті пайдаланып, әйел ұрғыш еркек тойдан қашып кеткен. Әншінің айтуынша, бұл ер адам оның бұрынғы қайын атасы.
«Мен бес жыл бұрын ажырасып кеттім. Ешқашан хабарласқан емеспіз, сөзге келмедік. Олар мен үшін бөтен адамдар. Мен күйеуіммен небәрі 4 ай бірге тұрдым, мені алып қашып кеткен. Арамызда 5 жасар қызымыз бар. Зағамбар ауылына бұдан бұрын да бірнеше рет тойға барып ән айтқанмын», — дейді Азода.
Оның айтуынша, отбасылық 4 айда күйеуінен көрген қорлығы аз емес.
«Екі күннің бірінде күйеуім соққыға жығатын, тепкілейтін. Мен бақытты бола алмадым, атам да жиі мас болып, маған ұрсып маза бермейтін. Төрт айда күнім күн болмаған соң ақыры ажырасып тындым», — дейді Азода.
Оқиға болған күні жедел жәрдем мен полиция шақыртылған. Алайда екі қызмет те бір сағаттан кейін келді дейді.
«Мені сол күні жедел жәрдем алып кетті. Басыма тиген соққыдан есеңгіреп, тойханада біраз жатып қалдым. Ертесі полицияға арыз жаздық. Бірақ олар өте енжар, керісінше татуластырмақ болды. Тіпті сараптамаға жібермеді. Мен ешбір кешірім бермеймін, заңды түрде жазасын алсын», — дейді Азода Тұрсынмұрадова.
Қазіргі күні әнші адвокат жалдаған. Sputnik Қазақстан тілшісі оқиғаға қатысты Түркістан облыстық полиция департаментіне сұрау жолдады. Полиция әзірге үнсіз,деп хабарлады Sputnik Қазақстан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *