«Қазақстан» шахтасында бес адамның өліміне себеп болған өртке 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі — министр
«Қазақстан» шахтасында бес адамның өліміне себеп болған өртке 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі — министр
«Қазақстан» шахтасындағы 5 кенші қаза болған қайғылы оқиға жөніндегі үкіметтік комиссия тергеу нәтижесін жариялады. Сараптама қорытындысы бойынша жұмыс беруші 100% кінәлі деп танылды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР ТЖ министрі Сырым Шәріпханов үкіметтік комиссияның тергеу қорытындысын жариялады. Белгілі болғандай, өрт тұтануына бірнеше фактор себеп болған.
«Тексеріс белгіленген талаптарға сай өтті. Комиссияның сараптамалық қорытындысы апат пен жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтап берді. Біріншісі — көмір конвейеріндегі өрт механикалық энергияның жылу энергиясына ауысуынан шықты. Конвейердің кептеліп қалған ролигіндегі таспа төсемінің үйкелуіне байланысты от тұтанған. Екіншісі — «Қазақстан» шахтасының инженерлік-техникалық құрамы тарапынан бақылау өндірісінің болмауы. Сондай-ақ, қауіпсіздік техникасының сақталмауы және энергия-механикалық қызметтің әлсіз бақыланатыны анықталды. Үшіншісі – қауіпсіздік талаптарын және техникалық реттеу нормаларын бұзу. Бұл дегеніміз — сәйкестік сертификатынсыз таспа төсемін пайдалану. Соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдануы мен жанғыш заттардан, тау-кен қазбаларынан ауаның газдануы шахта қызметкерлерінің өліміне әкеп соқты», — деп атап өтті ҚР ТЖ Министрі Сырым Шәріпханов.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасы нормаларының бұзылуы және анықтау жүйесіне қызмет көрсететін мамандардың жеткіліксіздігі, басқару құрылымы өзгерген кезде оларды лауазымға тағайындағанға дейін жауапты басшыларға лауазымдық нұсқаулықтың болмағаны анықталды.
«Комиссия жұмысының нәтижесі бойынша жұмыс берушінің 100% кінәлі екені анықталды. Заңнаманы бұзған 28 жауапты тұлға белгілі болды», — деді Сырым Шәріпханов.
Еске салайық, Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт 17 тамыз күні шыққан болатын.
Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, сегізі зардап шекті.
Шахтаның астында қалып қойған бес кеншінің денесі табылды.
18 тамыздағы жағдай бойынша медицина мекемелерінде өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.