Депутаттар – «әскерде»
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері ҚР ҰҚК Шекара академиясы курсанттарына арналған лагерьде үш күннен бері оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр,деп хабарлады «Айқын» ақпарат
– Тәуелсіздік шекарадан басталады. Шекарашыларымыздың дайындығы жоғары, Отан игілігі үшін адал қызмет етуге дайын екенін көріп отырмыз. Биік таудағы шекараны қорғаудың қыр-сырымен таныстық. Бұл өте күрделі де нағыз ерлерге лайық жұмыс. Лагерь командада жұмылып жұмыс істеуге үйретеді, – деді депутат Максим Рожин.
Депутаттар курсанттармен бірге шатырларда тұрады. Таулы аймақта ерте тұрып, сапқа тұрып, тактикалық тапсырмалар мен жауынгерлік дайындықтан өтеді. Олар тауға көтерілуді, толық қару-жарақпен бірнеше шақырымдық марш лақтыруды үйренеді.
– Күндіз ауа температурасы +32, түнде +4 болатын таулардағы шатырларда тұру. Таңертеңгі сағат 6-да ояну, қолайлы жағдайдың жоқтығы – осының бәрі біздің шекарашылар жағдайы. Бұл сабырлылыққа, төзімділікке тәрбиелейді. Әскердегі қызмет – ұлдарымызды ер-азамат қылып тәрбиелейтін патриоттық орта. Жауапкершіліктің, тәртіптің не екенін түсінудің жалғыз жолы осы. Мүмкіндігінше, жастарымыз осыдан өтуі керек, – дейді Олжас Құсбеков.
Жағдай мен тұрмыс-тіршілікті зерделеумен қатар, депутаттар әскери қызметшілермен әңгіме-дүкен құрып, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, еңбекақы және басқа да бірқатар жүйелі мәселелерді анықтады.
– Елордаға әр сарбаздың, әр офицердің мәселесін жеткіземіз. Күрделі проблемалардың бірі – офицерлердің жалақысының төмендігі, орта есеппен 170-220 мың теңге. Бүгінгі нарықпен бұл өте аз. Тұрғын үй, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бар. Әрбір заставада тиісті техникалық құралдардың болуы маңызды. Дрондар, заманауи қару-жарақ, көлік болуы керек, – дейді Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза.
Жоба барысында депутаттар ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заңнамалық бастамалар мен шараларды, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі тәсілдерді, сондай-ақ әскерде қызмет ету жағдайларын жақсарту қажеттілігін зерделеуді көздеп отыр.