ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТЫҚ ТҰРҒЫНДАР ӘКІММЕН АШЫҚ ПІКІРЛЕСІП, МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРДІ
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТЫҚ ТҰРҒЫНДАР ӘКІММЕН АШЫҚ ПІКІРЛЕСІП, МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Құркелес ауылдық округіне қарасты Дархан, Береке, Құлтума, Еңкес және Нұрлы жол елді мекені тұрғындарының бүгінгі жай-күйімен танысып, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Мақсат – елдің өзекті түйткілдерін білу және елді мекендерді аралап, ауданның 5 жылдық даму жоспарын жасау. Тағы бір ерекшелігі, кездесулер әдеттегідей үлкен залда емес, далада өткізілді. Кез келген тұрғын мәселе көтеруге мүмкіндік алды.
Алдымен Дархан және Береке елді мекендеріне табан тіреген аудан басшысына тұрғындар тарапынан электр бағаналарын орнату және жарықтандыру, мектепке қосымша ғимарат салу, ішкі көшелерге асфальт жол салу, табиғи газбен қамтамасыз ету, жол белгілерін және бақылау камераларын орнату, тұрғын үйге және жайылымға жер беру мәселелері қозғалды. Береке елді мекеніне қазіргі таңда ішкі газ құбырларына табиғи газ беріліп, ауылдағы 4 тұрғын үйге газ қосылды. Ендігі кезекте құжаттарын толық тапсырған тұрғын үйлерді аудандық газ шаруашылығы мекемесі тарапынан табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілетін болады.
Кездесу барысында М.Отаршиев сұрақтарға заң аясында жауап беріп, тиісті мекеме басшыларына біршама тапсырмалар жүктеді. Мұнан соң аудан әкімі Құлтума, Еңкес және Нұрлы жол елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесті. Құлтума тұрғындары амбулатория салу мәселесіне назар аударылса деген ұсынысын жеткізді. Тұрғындарға елді мекенде жаңадан дәрігерлік амбулатория салдыру үшін тиісті салалық басқармамен жұмыстар жүргізіліп жатқаны түсіндірілді. Сонымен қатар аудан басшысы тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелер жіті талқыланып, оларды шешілу жолдары бойынша ауданның 5 жылдық даму жоспары бекітілетінін және тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі