ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ КАРТАСЫ ЖАСАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ КАРТАСЫ ЖАСАЛДЫ

Ел алдында есеп берген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жаһан жұртын құрсауына түсірген пандемия кезінде орын алған Мақтаарал оқиғасын еске алды.
«Басына қиын іс түскен бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмады. Бұл халқымыздың біртұтас ел екендігін дәлелдеді. «Бірлігі бекем ел, бәрін жеңеді» демекші, апаттың салдарын жоюға бүкіл республика атсалысты. Бұл жағдай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Қасым-Жомарт Кемелұлының қатаң бақылауында болды. Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аудандағы елді мекендер одан әрі көркейіп, жаңа қоныс кейіпіне айналды. Мақтаарал ауданындағы қазіргі жағдай тұрақты»,-деді Өмірзақ Шөкеев.


Былтыр Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай орын алып, Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Достық, Өргебас елді мекен тұрғындары зардап шегіп, 1030 тұрғын үй, үш мектеп, бес бала бақша, 4 денсаулық сақтау, бір мәдениет үйі, 10 сауда нысандары, автомобиль жолдары, бір көпір, 5 695 га егістік пен жайылым жерлер су астында қалды.


Төтенше жағдайға байланысты ел Үкіметі тарапынан 100 мың теңге көлемінде зардап шеккен бес елді мекеннің 6 мыңнан астам тұрғынына 628 млн. теңге төленсе, Алишер Усмановтың қоры есебінен су басқан ауылдар мен эвакуацияланған 8 елді мекендердегі бес мыңнан астам отбасыға 1000 АҚШ доллары көлемінде 2,2 млрд. теңге қаржы берілді.


Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындарына Мырзакент кентінде жаңа қалашық бой көтерді. 400-ге жуық баспана салынып, тұрғындар көшіп келді. Ал, Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде 504 отбасы жаңа үйге қоныстанды. Бұдан бөлек, Мырзакент кентіндегі қалашықта жаңа мектеп пен балабақша, дәрігерлік амбулатория және полициялық тірек салынуда. Фирдоуси ауылындағы мектеп жөнделіп, жаңа дәрігерлік амбулатория мен полициялық тірек бой көтерді. Өргебас ауылында жаңа ФАБ пен полициялық бекеттің құрылыстары жүргізілуде. Жаңа мектеп пен балабақша биыл пайдалануға беріледі. Қалған нысандардың құрылысы биыл толық аяқталады.


Соңғы жылдары орын алған апатты жағдайларды негізге ала отырып, ел аумағында тұңғыш болып Түркістан облысында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша Антикризистік карта жасалды.

«Біз Арыс, Мақтаарал ауданындағы техногендік, Төлеби ауданындағы табиғи су тасқыны кезіндегі атқарылған жұмыстардан мол тәжірибе жинадық. «Апат айтып келмейді», дегенмен, төтенше жағдайдың алдын алу үшін Штаб құрылады. Онда кіретін барлық салалық қызметтер «Алтын сағат» ережесіне сәйкес жұмыс жүргізуі қажет. Дағдарысқа қарсы карта шеңберінде төтенше жағдаймен күрес алгоритмі бекітілген. Барлық аудан, қала әкімдері алгоритммен жіті танысып, нұсқаулық арқылы жұмыс істеуі қажет», деді өңір басшысы.


Облыс әкімдігі жанынан құрылған Ситуациялық орталық пен облыстық ТЖД бірлесе отырып жасаған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса орын алуы ықтимал төтенше жағдай сипатталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қыметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *