ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 54 СПОРТ АЛАҢША САЛЫНЫП, 60 СПОРТТЫҚ СЕКЦИЯ АШЫЛАДЫ
ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 54 СПОРТ АЛАҢША САЛЫНЫП, 60 СПОРТТЫҚ СЕКЦИЯ АШЫЛАДЫ
Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту үшін осы жылы 54 спорттық алаңша құрылысы салынады. Оның 25-і Абай ауданында, 9-ы Әл-Фараби ауданында, 10-ны Еңбекші ауданында салынса, тағы 10-ны Қаратау ауданында. Бұл туралы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев қала әкімі алдындағы есепті жиында мәлім етті.
Басқарма басшысының мәліметінше, спортпен шұғылданушылар санын биылғы жылы 31,99 %-дан 35,9 пайызға жеткізу көзделуде. Ол үшін 14 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында 6 спорт нысаны пайдалануға беріледі және жан басына шаққандағы қаржыландыруды жетілдіру бойынша осы жылы 60 спорттық секция ашылады. Бүгінде қалада 1899 спорттық секция жұмыс жасайды.
«Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын жалпы халықтың санын 2025 жылға дейін 50%-ға, ал ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесін 2022 жылы 3,8% жеткізу жоспарлануда. Бұл көрсеткішке жету үшін тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Сонымен бірге биыл 14-18 жас аралығындағы 32 647 жасты, спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімі жоқ 1810 мүмкіндігі шектеулі азаматты спортқа тарту көзделуде»,-деді Б.Тұманбаев.
Есепті жиында сала жетекшісі Шымкент қаласы спортшыларының 2021 жылғы жетістігіне де тоқталып өтті.
Оның мәліметінше, Токио 2020 ХХХІІ жазғы Олимпиада Ойындарында спортшыларымыз каратэден 2 қола медальды ел қоржынына салған. Әлем чемпионатында жалпы 35 алтын, 26 күміс, 30 қола медаль иемденсе, Азия чемпионатында 45 алтын, 32 күміс, 22 қола медаль алған. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 525 алтын, 390 күміс, 466 қола медалға қол жеткізген. Сондай-ақ, 2021 жылы әр төрт жылда бір рет болатын Қазақстан Республикасының V Жастар спорттық ойындарында жалпы командалық есепте Шымкент қаласының құрама командасы 1004 ұпаймен 2-орынды жеңіп алған. Халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық жарыстардың жетістіктері бойынша Шымкент қаласы республика бойынша көш басында тұр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі