АГРС-3 НЫСАНЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ АЯҚТАЛҒАНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
АГРС-3 НЫСАНЫ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ АЯҚТАЛҒАНДА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Спикердің айтуынша, жылыту маусымы аяқталғанда газ тарату стансасы іске қосылады. Өйткені, жарылғыш газ болғандықтан АГРС-нысаны жылыту маусымынан соң іске асырылатын болады. Ал тұрғындарға, жеке кәсіпкер мен өндірістік мекемелерге техникалық шарт беру осы жылдың 31-ші қаңтарынан рұқсат беріледі.
«Қазіргі қаламыздағы 100 пайыз жұмыс істеп тұрған АГРС-1, АГРС-4 «Шымкент» газ тарату стансияларының қуаттылығы 180 000 м3/сағ құрайды. Ал, қаладағы қажеттілік — 250 000 м3/сағ құрап отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында АГРС-3 нысанын салуға шешім қабылданған болатын. Уәде етілгендей, 2021 жылдың нысан құрылыс жұмысы толығымен аяқталды. Қазіргі уақытта құбырларға сынама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізінде, АГРС-3 нысаны 2023 жылы аяқталуы тиіс болатын. Алайда, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаладағы газ жетіспеушілігі мәселесін жою мақсатында нысанды іске қосу мерзімін жеделдетудеміз. Биылғы жылыту маусымынан соң аталған нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұдан былай қаламызда газ жетіспейшілігі мәселесі туындамайтын болады. Өйткені, бір ғана АГРС-3 нысанының өзі қаланың бар қажеттілігін қамтамасыз етеді», — деді әкім орынбасары.
Айта кетейік, 2022 жылы табиғи газбен қамту бойынша 1 магистралды желі, 15 елді мекенде ішкі жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Жыл қорытындысымен 1 магистралды желі, 10 елді мекендегі 20 мыңнан астам адам табиғи газбен қамтылады.