ДСМ коронавирус жұқтырған науқастармен байланысқан адамдарды іздеп жатыр
ДСМ коронавирус жұқтырған науқастармен байланысқан адамдарды іздеп жатыр
Қазақстанда коронавирус жұқтырудың алғашқы деректері тіркелді. Қазір елімізде вирус анықталған азаматтармен байланысқан адамдарды анықтау үшін эпидемиологиялық шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі мәлімдеді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Көрнекі фото: storyfox.ru
COVID-19 Германиядан ұшып келген екі Қазақстан азаматынан анықталды. Бірақ олардың бірі елге 9 наурыз күні жеткен. Ал ол уақытта еуропалық мемлекет вирус бойынша қолайсыз мемлекеттердің бірінші санатына енген жоқ еді.
Сондықтан, бұл рейстің жолаушылары оқшауланбай, үйіне қайтарылған болатын.
Бұл бортпен елімізге 73 адам келген. Біртановтың айтуынша, дәрігерлер жолаушылар тізімі бойынша жұмыс істеп, 14 күнге оқшаулау бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Егер белгілер анықталса, олар міндетті түрде тексеріледі және қажет болған жағдайда емделеді.
«Бүгінде денсаулық сақтау министрлігі осы науқаспен байланысқан адамдарды іздеумен айналысып жатыр. Біздің міндетіміз-оларды анықтап, оқшаулап, бақылау», — деді министр.
Ал екінші борт кеше түнде елге оралғанда Германия COVID-19 кеңінен тараған мемлекеттер қатарына еніп үлгерген болатын. Сондықтан, аталған рейспен келіп жеткен 12 адам екі апталық карантинге жіберілген.
«Ол жақта бірінші жайттағыдай байланыс болмады. Себебі, ұшақ қона салысымен, оқшауланды», — деп түсіндірді министр.
Еске салайық, 13 наурызда Нұр-Сұлтанда өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елімізде алғаш рет COVID-19 вирусы тіркелгенін мәлімдеді. Аталмыш инфекция екі азаматтан анықталған.
Вирус жұқтырғандардың бірі ер адам, екіншісі әйел екені белгілі болды.
https://kaz.nur.kz/1845282-dsm-koronavirus-zktyrgan-naukastarmen-bajlanyskan-adamdardy-izdep-zatyr.html