ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ СПОРТЫНЫҢ 2021 ЖЫЛҒЫ 7 ЖЕТІСТІГІ
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ СПОРТЫНЫҢ 2021 ЖЫЛҒЫ 7 ЖЕТІСТІГІ
2021 жылы Шымкент қаласының спортшылары жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары мен әлем кубоктарында, Азия біріншіліктері, ҚР V Жастар ойындарында жеңіс тұғырынан көрінді. Одан бөлек, шаһарда бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Осы орайда жылды қорытындылай келе, негізгі басты 7 жетістікті атап өтсек.
– Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарына үшінші мегаполистен 11 спортшы бақ сынады. Төртжылдықтың басты додасында шымкенттік спортшылар 2 қола медаль жеңіп алды. Каратэшілер Софья Берульцева мен Дархан Асаділов тарихта тұңғыш рет жүлдегер атанды.
– Шымкенттік спортшылар 23 олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша әлем чемпионаттарында және Азия біріншіліктерінде 170 медальға ие болды: әлем чемпионаттарында 88 медаль (36 алтын, 29 күміс және 23 қола медаль), Азия чемпионаттарында 82 медаль ( 37 алтын, 30 күміс, 15 қола медаль). Атап айтқанда, әлем чемпионатында зілтемірші Арли Чонтей алтын, боксшы Махмұд Сабырхан күміс, каратэден Софья Берульцева, Данияр Юлдашев қола жүлдегер, пауэрлифтингтен Ксения Хан 7 дүркін, джиу джитсудан Қалдар Қасымбаев 3 дүркін, кикбокстан Фазлидин Сафаров 2 дүркін жеңімпаз атанды.
– Бүгінгі таңда Қазақстан ұлттық құрама командасының сапына 885 шымкенттік спортшы кіреді. Оның ішінде, ересектер – 416, жастар – 268, жасөспірімдер– 201 спортшы.
– Шымкент қаласының спортшылары ҚР V Жазғы жастар ойындарында алдыңғы орыннан көрінді. 33 олимпиадалық спорт түрлері бойынша өткен бәсекеде Шымкент қаласының құрама командасы 1004 ұпай жинап, II-орынға иелік етті.
– Қалада спорт секцияларында шұғылданушылардың санын арттыру үшін тиісті инфрақұрылымды және қосымша жұмыс орындарын көбейту мақсатында спорттық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру іске асырылды. Биылға жергілікті бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 439,8 млн теңге қаржы бағытталды.
– Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қала аумағындағы тұрғын алаптар мен шағынаудандарда 115 спорт алаңшаның құрылысы жүргізілді. Оның 14-сі демеушілер есебінен жүргізілсе, қалған 101 спорт алаңшаның құрылысына бюджеттен қаржы бөлінді.
– Сондай-ақ, бүгінгі таңда бюджет есебінен қалада 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы («Металлург» стадионын реконструкциялау», Сайрам тұрғын алабында №12 спорт мектебінің қосымша корпусын салу») атқарылуда. Құрылыс жұмыстары 2022 жылға өтпелі. «BI Group» компаниясы тарапынан жаңа ипподром құрылысы, «Отау Строй» ЖШС арқылы үстел теннисіне арналған спорт нысаны құрылысы басталды.