ТҮРКІСТАННЫҢ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМЫ: «ПРЕЗИДЕНТТІҢ 10 БАҒЫТЫ ЕЛДІ ДАМУҒА БАСТАЙДЫ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген 10 бағытты атап өтті. Бұл бағыттардың бәрі Қазақстанды дамытып, елдің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайымен қатар рухани деңгейінің көтерілуіне де серпін бермек. Қоғамның барлық саласы қамтылған Президенттің алдағы жоспарлары туралы Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері де пікір білдірді.

Мәселен жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт Қасым-Жомарт Кемелұлының негізгі бағыттардың бірі ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге тоқталғанын өте орынды қадам деп бағалады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қатысты айтқаны да ұнады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс, оны түп-тамырымен жоямыз деді. Алдағы уақытта осы салада да Президентіміз нақты, батыл, пәрменді қадам жасайды деп сенемін. Нақты іске көшуі керек деп ойлаймын. Қалған басқа барлық бағыттары да ұнайды. Бұл кісі негізі өмірде салмақты, көпсөзді емес, нақты істің адамы сияқты. Осы ұстанымы мен мінезін бағдарлай отырып, елде жақсы жаңалықтар болады-ау деп ойлаймын», – дейді Мархабат Байғұт.
Ал белгілі ақын, этнограф Қасымхан Бегманов «Президентіміз сыбайлас жемқорлық деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалатынын мәлімдеді. Қазақстан тәуелсіздігін алғалы жиырма сегіз жыл болса да, жемқорлық деген індетті түбегейлі жеңе алмай келеді. Соған қарағанда еліміздегі заң әлі де жұмсақтау сияқты. Егер қатардағы мемлекеттік қызметкер де, лауазымды қызметкер де пара алғаны үшін қатаң жазаланып жатса, төмендегілер ойланып, мұндай әрекеттен аулақ болар еді» деген ойын білдірді.
Философия ғылымдарының докторы, ғалым Әміреқұл Әбуов Президенттің экономикалық өсімді қамтамасыз ету бағытындағы бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы экономикалық өсімге жетудің негізгі факторы инвестиция, экспорт және индустрияландыру екеніне тоқталды. Түркістан өңірінде өнім өндіретін зауыт-фабрикалар, кәсіпорындар жеткілікті. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі де іргемізден өтіп жатыр. Түркістанның табиғаты жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге өте қолайлы. Бұл жақта өнім де ерте піседі. Мұның өзі өңіріміздегі халықтың табысын еселеп, тұрмысын түзеуге едәуір көмек. Ал Түркістанға келіп жатқан инвестициялар тасқыны елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге айтарлықтай ықпал етеді», – дейді ол.
Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *