ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН БАТЫС ӨҢІРЛЕРІНЕ 67 ВАГОН ЖЕМ-ШӨП ЖӨНЕЛТІЛДІ
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН БАТЫС ӨҢІРЛЕРІНЕ 67 ВАГОН ЖЕМ-ШӨП ЖӨНЕЛТІЛДІ
Түркістан облысынан еліміздің батыс өңірлеріне 67 вагон шөп жіберілді. Бұл — батыстағы қуаңшылыққа алаңдаған
өңірдің барлық аудан халқының үлесі. Осылайша Түркістан облысының тұрғындары, шаруалары, кәсіпкерлері көмек қолын созуда. Шөп тиелген вагондар бүгін Сарыағаш қаласының теміржол стансасынан жолға шықты. Оның бірнешеуі көрші Қызылорда облысына бағытталған. Биылғы ауа райының қуаңшылығына байланысты бұл облыста да мал азығы тапшылығы орын алғаны белгілі.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан Батыс облыстардың шаруаларына мал азығын жөнелтіп, көмек көрсету жөніндегі еріктілер мен демеушілердің атқарып отырған жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қажеттілік болған жағдайда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы және Түркістан облысы әкімдігі, демеушілер есебінен қосымша 100 вагон бөлуге келісім бар.
Құрғақшылық Түркістан облысында да орын алды. Дегенмен, бүгінгі таңда өңірдегі жағдай тұрақты. Табиғи шөп бітік шықпағанына қарамастан, егістікті әртараптандыру орман қорындағы босалқы жайылым жерлер шаруалардың уақытша пайдалануына беру шараларының нәтижесінде облыстағы мал басына қажетті 3,9 млн.тн мал азығын 100 % дайындауға толық мүмкіндіктер бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі